Чилидің Ұлттық экономикалық прокуратурасы (FNE) елдің монополияға қарсы сотынан Apple-ды iPhone-дағы үстем жағдайын асыра пайдаланғаны үшін 80 млн доллардан астам (шамамен 36,7 млрд теңге) айыппұлға тартуды сұрады. Ведомство талапты Еркін бәсекелестікті қорғау трибуналына (TDLC) жолдады, деп хабарлады FNE.
Прокуратураның мәліметінше, Apple кемінде 2019 жылдан бері iOS ішіндегі екі нарықта бәсекелестікті шектеп келеді: қосымшаларды тарату және олардың ішінде цифрлық тауар сату — стриминг жазылымдары, электрондық кітаптар, ойын заттары. FNE есебінше, компанияның екі нарықтағы да Чилидегі үлесі — 100 пайыз.
Басты наразылық — қосымшалар мен балама дүкендерді браузерден орнатуға (сайдлоадинг деп аталатын) тыйым. Соның салдарынан әзірлеушілер мен пайдаланушылар тек App Store-ға тәуелді болып қалған. Apple бұл шектеуді қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау қажеттілігімен түсіндірген, бірақ прокуратура оны қажетсіз әрі шамадан тыс деп тапты: оның қорытындысынша, қорғаудың басым бөлігі жүйенің өз деңгейінде жұмыс істейді.
Екінші наразылық төлемдерге қатысты. Apple әзірлеушілерді цифрлық тауарды тек 15–30 пайыз комиссиясы бар өзінің In-App Purchase жүйесі арқылы сатуға міндеттейді және пайдаланушыларға қосымша ішінде арзанырақ төлем тәсілдері туралы, мысалы әзірлеушінің сайты туралы, хабарлауға әрі оған сілтеме не батырма қоюға тыйым салады.
Прокуратура айыппұлды тергеу кезеңіндегі Apple-дың Чилидегі бұзушылыққа қатысты өнімдері мен қызметтерінен түскен сатылымның 30 пайызы ретінде есептеді — бұл 92 378 жылдық салық бірлігі. Айыппұлдан бөлек FNE соттан Apple-ды iPhone-да бөгде қосымшалар мен дүкендерге «үркітетін» ескертулерсіз рұқсат беруге, қосымша ішінде балама төлем жүйелерін және сыртқы төлемге өтетін батырмаларды енгізуге міндеттеуді сұрады.
«Компаниялардың нарықтағы билігін асыра пайдаланып, тұтынушылар мен басқа қатысушыларға қиянатты шарттар қою арқылы оны жабуына жол беруге болмайды», — деп мәлімдеді ұлттық экономикалық прокурор Хорхе Грунберг.
Қазақстандағы iPhone иелері үшін бұл шешім тікелей ештеңені өзгертпейді: талаптар тек Чилиге қатысты, ал түпкілікті шешімді Чили соты қабылдайды. Алайда ол реттеушілері Apple-дан iPhone-ды басқа дүкендер мен төлем жүйелеріне ашуды талап етіп отырған елдердің қатарын толықтырады.
FNE тергеуі 2022 жылдың қазан айында бір пайдаланушының Apple мен Google дүкендерінің ережелеріне шағымынан кейін басталған. Google-ға қарсы прокуратура 2025 жылғы мамырда Android-қа байланысты осындай талап арыз беріп, шамамен 89 млн доллар айыппұл сұраған. Қараша айында Apple-дың ЖИ функцияларын жарнамалауына Оңтүстік Корея реттеушісі де наразылық білдірді — компанияға онда айыппұл қаупі төніп тұр.



