Қазақстандық креативті жобалардың авторлары инвесторлармен 2,69 млн доллар, яғни шамамен 1,2 млрд теңге көлеміндегі 20 алдын ала келісімге қол жеткізді. 22–27 қараша аралығында өткен THE PITCH инвестициялық бағдарламасының осындай қорытындысын Мәдениет және ақпарат министрлігі жариялады.
Бағдарламаға 70 шығармашылық топ пен 83 инвестор қатысты, олардың арасында Түркия, Корея Республикасы және Сингапур өкілдері де болды. Кәсіпкерлер кино, анимация, музыка, театр, сән, дизайн, баспа ісі, білім беру және цифрлық технологиялар саласындағы жобаларын таныстырды. Қаржыландыру жөніндегі уағдаластықтар жобалар таныстырылып, командалар инвесторлармен жеке кездескеннен кейін жасалды.
Міндетті келісімдер әлі жасалған жоқ. Бағдарламаны министрліктің қолдауымен өткізген Креативті индустрияларды дамыту қоры келіссөздерді сүйемелдеп, тараптарға инвестициялық келісімдерге қол қоюға көмектеседі. Кейін қор жобалардың ауқымын кеңейтуге және оларды халықаралық нарыққа шығаруға көңіл бөлмек.
Креативті индустрияларды дамыту қоры шығармашылық бизнесті басқа құралдармен де қолдап келеді. Күзде қор Алматы, Шымкент және Астанада буткемптер өткізген Creative Shift акселерациялық бағдарламасын, сондай-ақ әдебиет пен кітап оқудың цифрлық технологиялары саласындағы жобаларға арналған гранттар конкурсын іске қосты: әрқайсысы 5 млн теңгеден 10 грант бөлінеді.



