Жамбыл облысының Жуалы ауданында аудандық әкімдіктің төрт мемлекеттік қызметшісі букмекерлік кеңседе ставка жасағаны үшін жұмыстан шығарылды. Олардың бірі ойын шотына 23 млн теңгеден астам ақша аударған, деп хабарлады Жамбыл облысының прокуратурасы.
Прокуратура дерегінше, шенеуніктер заң тыйым салғанына қарамастан букмекерлік кеңсенің мобильді қосымшасы арқылы үнемі ақшалай ставка жасап келген. «Жергілікті атқарушы органның бас мамандарының бірі ойын шотына 23 млн теңгеден астам ақша аударған. Прокурорлық қадағалау актісін қарау нәтижесі мен тәртіптік комиссияның шешімі бойынша төрт мемлекеттік қызметші теріс себептер бойынша жұмыстан шығарылды», — делінген ведомство хабарламасында.
Қазақстанда мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуға 2024 жылғы 9 қыркүйектен бастап тыйым салынған. Бұл тыйымды бұзу мемлекеттік қызметтен босатуға негіз болады.
Жамбыл облысындағы оқиға алғашқысы емес. Бұған дейін құмар ойын үшін Жетісу, Түркістан және Ұлытау облыстарында мемқызметшілер жұмыстан шығарылған: Ұлытау облысында бірден 36 адам қызметінен айырылған.



