Қарт кісінің жұбайынан тағы қайда барғысы келетінін сұрайтын видеосы әлеуметтік желіде миллионнан астам рет қаралды. Оның кейіпкерлері — Жұмаділ Орманбеков пен Елшан Орманбекова, олар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Майское (бұрынғы Авангард) ауылында тұрады, деп хабарлайды Tengrinews. Басылым дерегінше, ата 85 жаста, апа 84 жаста.
Әңгімені ерлі-зайыптылардың немересі Эльмира түсірген. Биыл күзде ата мен апа көп сапарлады: бір ай Алматыдағы қыздарының, тағы бір ай Астанадағы ұлдарының үйінде қонақта болып, Шелекке оралған, кейін Алматыдағы туыстарына тағы бір аптаға келген. Видеоның басында апа «бабасенка» деген сөз айтады — бұл отбасылық әзіл, «бір нәрсе туралы әңгімелесейікші» деген мағынаны білдіреді. «Апа атаға биыл күзде жақсы аралағандарын айтып отырды. Видеода ата ападан тағы қайда барғысы келетінін сұрап отыр. Осы әңгімені түсіріп үлгердім», — деді Эльмира.
Видеоның өзін Tengri LIVE Instagram-аккаунты жариялады:
Ерлі-зайыптылар студент кезінде танысқан: Талғардағы техникумда үш жыл бір топта оқыған. 1963 жылы оқуды бітірген соң оларды Қарағандыға жолдаған, сол жылы олар шаңырақ көтерген. Қарағандыда Жұмаділ ата агроном, Елшан апа бригадир болып істеген, кейін ата тағы үш жыл әскерде қызмет еткен. Ғұмырының басым бөлігін ата мен апа Еңбекшіқазақ ауданында өткізді: ата кеңшарда кассир, апа бухгалтер болып жұмыс істеді. Олардың төрт баласы, 12 немересі және 15 шөбересі бар.
Ұзақ жылдар бірге өмір сүрудің сырымен де бөлісті. Атаның айтуынша, ең бастысы — жұбайыңды тыңдап, оған қамқор болу және үй шаруасына көмектесу, ал жас кезінде ол жұбайын жиі курорттарға демалуға жіберіп тұрған. Апаның пікірінше, берік қарым-қатынастың негізі — махаббат пен өзара түсіністік.
Видео астында қолданушылар ата мен апаға ұзақ ғұмыр тілеп, өздері де қартайғанда осылай үлкен отбасының ұйытқысы болып, балалары мен немерелерінің үйіне қонаққа барып жүргісі келетінін жазып жатыр. Немересі видеоның мұншалықты танымал болатынын күтпегенін айтады, ал оның сөзінше, апа жылы лебіздерге қатты қуанып отыр.



