Зоология институтының ғалымдары Қазақстанда жабайы жануарлардың тірі жасушаларын сақтайтын криобанк жасап жатыр және қар барысының мұздатылған жасушаларын түраралық клондауға пайдалануға бола ма, соны тексерді. Зерттеу нәтижелері 27 қарашада Biology ғылыми журналында жарияланды.
Бір еркек барыстың мұздатылған тері жасушаларын ерітіп, алдын ала өз генетикалық материалы алынып тасталған үй мысықтарының жұмыртқа жасушаларына ауыстырды. Осылай құрастырылған 33 эмбрионның 10-ы (30,3%) бесінші күні морула сатысына – 16–32 жасушадан тұратын ерте ұрық сатысына жетті. Келесі саты – бластоцистаға бірде-біреуі жетпеді. Ғалымдар барыстың күшігін алған жоқ: авторлар нәтижені алдын ала деп атайды, өйткені тәжірибеде бақылау топтары болмаған, ал эмбрион ядроларының дәл барысқа тиесілі екені молекулалық тұрғыда расталмаған.
Қар барысы Қазақстанның Қызыл кітабына енген, ал Халықаралық табиғатты қорғау одағының (ХТҚО) Қызыл тізімінде осал түр саналады. Авторлардың түсіндіруінше, криобанктегі тірі жасушалар ондаған жыл сақтала алады: оларды зерттеулерге, клондау кезінде ядро доноры ретінде және популяцияларды қалпына келтіруге пайдалануға болады. Үй мысығының жұмыртқа жасушаларымен осындай тәсіл әлемде африкалық жабайы мысықтың марғауларын клондауға мүмкіндік берген.
Банк жануарлардың құлақ терісінің жасушаларынан жинақталады: шағын үлгіні жануарды аулағанда немесе ветеринарлық тексеру кезінде алады. Жаңа жұмыста ғалымдар 19 түр мен түршеге жататын 272 жануардың жасушаларын бір әдіспен мұздатты. 17 түрдің үлгілері Қазақстандағы жабайы жануарлардан, ал Амур қабыланы мен теңбіл бұғының үлгілері Алматы хайуанаттар бағынан алынды. Олардың арасында сирек түрлер де бар: қар барысы, Амур қабыланы, құлан, киік, түркістан сілеусіні, манул, бұхар бұғысы және үнді жайрасы.
Ерітілгеннен кейін тірі жасушалардың үлесі орта есеппен 83,1%-дан 48%-ға дейін төмендеді. Мұздатуды атжалман, тоқалтіс және тышқан жасушалары жақсы көтерсе, жайра, бұғы және құлан жасушалары нашар көтерді. Барыс пен киік жасушаларының 97,6%-ы мұздатуға дейін тірі болған, ал одан кейін шамамен жартысы ғана сақталды. Есесіне 19 түрдің бәрінің ерітілген жасушалары бөлінуін жалғастырды, бірақ 2–9 сағатқа баяуырақ. Ғалымдардың қорытындысы: бір әдіспен барлық түрді банкке салуға болады, бірақ кейбір түрлер үшін оны бейімдеу қажет.
Жұмысты Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Зоология институты, «Шекарасыз жабайы табиғат» қоры, ХТҚО-ның Түрлердің өмір сүруі жөніндегі комиссиясы жанындағы мысық тұқымдастар жөніндегі мамандар тобы және алматылық Embryo Technology Labs зертханасы жүргізді. Тәжірибеге 14 үй мысығының жұмыртқа жасушалары пайдаланылды: олардың аналық бездері Алматыдағы панасыз жануарларды ізгілікпен бақылау бағдарламасы бойынша жоспарлы стерилизациядан кейін ветеринарлық клиникадан алынды. 2021–2024 жылдары бұл бағдарлама бойынша 9 мыңға жуық ит пен мысық тегін стерилизацияланған.
Енді ғалымдар эмбриондарды біріктіру мен белсендіру әдісін жетілдіріп, олардың дамуын бластоциста сатысына дейін жеткізгісі келеді. Институт қар барысын клондау жобасын 2024 жылдан бері биология ғылымдарының докторы Ержан Тойшибековтың жетекшілігімен жүргізіп келеді, жоба 2026 жылға дейін есептелген.



