Мазмұнға өту

Hyundai Гуанчжоуда Ioniq M-нің прообразы Mercury концептісін көрсетті

Электр кроссоверінің CATL бекеттерінде батареясы ауыстырылатын нұсқасы болады, Hyundai-дың айтуынша, бұл Қытайдағы бірлескен автокәсіпорындар арасындағы алғашқы осындай модель.

Концепт-кар Hyundai Mercury Concept в цвете Citrine Neon, вид спереди
Фото: Hyundai

Hyundai Гуанчжоу автосалонында Mercury концептісін көрсетті. Бұл – Ioniq M ықшам электр кроссоверінің прообразы. Hyundai хабарлауынша, сериялық көлікті Қытайда 2027 жылдың бірінші жартысында сата бастайды. BYD 900 км жүретін Whale минивэнін таныстырған көрме 27 қарашада ашылып, 6 желтоқсанға дейін жалғасады.

Mercury – қалаға арналған B класты кроссовер. Ол Қытайдағы Ioniq желісінің ең кіші моделі болмақ. Бұл – Hyundai-дың Қытайдағы сатып алушыларға арнайы жасаған үшінші концептісі: бұған дейін марка Venus седаны мен Earth отбасылық кроссоверін көрсеткен. Көлікті компанияның қытайлық дизайнерлері мен инженерлері әзірлеген.

Концептінің алдыңғы бөлігі өткір, жарық диодты күндізгі шамдары жіңішке, дөңгелектері ірі, алдыңғы әйнегі қатты еңкейтілген. Шанағы Citrine Neon деп аталатын ашық жасыл түске боялған: Hyundai-дың айтуынша, бұл түс күн сәулесіндегі Меркурийдің көрінісінен шабыт алған. Артында ірі диффузор, төбесінде спойлер және жіңішке жарық диодты шамдар бар. Салонын марка әзірге көрсетпеді.

Hyundai Mercury Concept, артқы көрінісі
Фото: Hyundai

Ioniq M-нің жабдықтары Қытай нарығына бейімделеді. L2++ деңгейіндегі жүргізушіге көмек жүйесін жергілікті Zhuoyu компаниясы жеткізеді, ал «ақылды» салон ByteDance-тің Doubao жасанды интеллект моделімен жұмыс істейді. Hyundai CATL-мен бірге Choco-Swap бекеттерінде батареясы ауыстырылатын нұсқасын әзірлеп жатыр. Компанияның айтуынша, бұл Қытайдағы бірлескен автокәсіпорындар арасындағы осындай алғашқы модель болады. Қуаты, батарея сыйымдылығы, жүріс қоры мен бағасы әлі жарияланған жоқ.

Mercury – Hyundai-дың Қытай нарығындағы ауқымды шабуылының бір бөлігі. Қытайлық Ioniq желісінің алғашқы моделі – Ioniq V электр седаны онда қыркүйекте сатылымға шықты. 2027 жылы Ioniq M-мен бірге жүріс қорын арттыратын қондырғысы бар Ioniq V шығады, 2028 жылы – Earth концептісінің сериялық нұсқасы, ал 2029 жылы тағы екі жаңа энергиялы модель шығарылады. Жалпы 2030 жылға қарай Hyundai Қытайда бензинді де, экологиялық таза да 24 модель шығаруға уәде етіп отыр.

Ioniq M әзірге тек Қытайға арналып жасалып жатыр: Hyundai оны басқа елдерде сату туралы жарияламады. Жаңа көліктің Қазақстанға келер-келмесі және қашан келетіні белгісіз.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз