Астанаға қар жауды: 26 қарашада күндіз елордада жаңбыр жауып, кешке қарай қарға ұласты, ал 27 қарашаның таңында қала аппақ қарға оранды. Коммуналдық қызметтер көшелерді күшейтілген режимде тазалауға дайын, деп хабарлады Астана әкімдігі.
Биыл қыста қаладағы қар тазалау жұмыстарына 2500-ден астам арнайы техника мен 3400-ден астам жол жұмысшысы қарастырылған. Жұмыс елорданың алты ауданын түгел қамтиды және екі ауысыммен жүргізіледі. Алдымен негізгі магистральдар, қоғамдық көлік аялдамалары мен әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдар тазартылады. Қатты қар жауған кезде техниканың бағыты ауа райы мен жолдағы жағдайға қарай өзгертіледі.
Елордада қар мұнымен тоқтамайды. «Қазгидромет» дерегінше, 27, 28 және 29 қарашада Астанада қар, боран және көктайғақ күтіледі, ал ауа температурасы түнде -10 градустан күндіз 0 градусқа дейін болады. 27 қарашаға қала бойынша дауылды ескерту жарияланған.
Көп тұрғын қарға қуанды. «Ақыры Астана өзінің зауыттық баптауларына оралды», — деп Threads-те жазды aseke3107.kz есімді қолданушы қарға оранған қаланың кадрларын жариялап. Жазбаға пікір қалдырған кейбір тұрғындар қыстың ұзаққа келгеніне күмәнмен қарайды: «Климаттық әткеншек, жақында қайта ериді».
Демалыс күндері Қазақстанда одан әрі суытады: 30 қарашаға қараған түні елдің солтүстігі мен орталығында синоптиктер 18 градусқа дейін аяз болжап отыр.



