Ресей әскерінің Украинаның оңтүстік-шығысындағы, майдан шебіне жақын орналасқан ірі қала – Запорожьеге түнде жасаған соққысынан жараланғандар саны 44 адамға жетті. Олардың төртеуі – бала: ең кішісі әлі бір жасқа толмаған, қалғандары төрт, алты және 16 жаста. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Михаил Семикин хабарлады. Екі адам қаза тапты.

Ресей қалаға Киев уақытымен шамамен сағат 05:00-де (Астана уақытымен 08:00-де), жұрт ұйықтап жатқан кезде соққы берді. Соққы Вознесеновка ауданындағы тұрғын үй кварталына тиді: жеке үй толық қирады, бес қабатты үйдің бір бөлігі опырылды, басқа да көпқабатты және жеке үйлер, көліктер мен көлік инфрақұрылымы нысаны зақымданды. Шабуыл алдында Украина Әуе күштері Запорожьеге басқарылатын авиабомбалар бағытталғанын ескерткен.
Зардап шеккендер саны таң бойы өсті. Алғашында билік бір жаралы туралы айтса, таң ата олардың саны 22-ге, ал Киев уақытымен 10:15-ке қарай 44-ке жетті. Жараланғандардың бірі – әйел ауыр жағдайда: ол мина-жарылыс және бас сүйек-ми жарақатын алған. Соққыдан кейін зақымданған үйлерде адамдар қамалып қалғаны туралы хабар түсті, оқиға орнында ТЖҚ құтқарушылары, коммуналдық қызметтер мен дәрігерлер жұмыс істеді. Қаза тапқандардың аты-жөнін билік әзірге атаған жоқ.
Отбасылар балаларымен ұйықтап жатқан бейбіт қаланың тұрғын үй кварталдарына соққы беру – Ресейдің бейбіт тұрғындарға қарсы кезекті лаңкестік шабуылы. Бұл соққы туралы алғашқы мәліметтерді airpress.kz таңертең жариялаған, ол кезде 22 адамның жараланғаны белгілі болған.
Запорожье күн сайын дерлік атқылауға ұшырап отыр. Жақында ресейлік зымыран Запорожьедегі клиника ғимаратына тиіп, үш адам қаза тапты, ал 13 қарашада Космический ауданындағы бес қабатты үйге жасалған соққыдан 50-ге жуық адам, оның ішінде сегіз бала жараланды.



