Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) үш микроқаржы ұйымын лицензиядан айырды. Олар — «ECKZ» МҚҰ» ЖШС, «Taj Finance» МҚҰ» ЖШС және «М Булак» МҚҰ» ЖШС. №80, 81 және 82 бұйрықтарға 23 қарашада қол қойылған. Агенттіктің хабарлауынша, тексеру барысында компаниялар заңды жүйелі түрде бұзғаны анықталған, соның салдарынан қарыз алушылардың құқығы бұзылған.
Лицензиядан айырылған сәттен бастап бұл МҚҰ-лар микроқаржылық қызметпен айналыса алмайды, оның ішінде жаңа микрокредит бере алмайды. Бұрын жасалған шарттардың талаптарын тек заңда тікелей көзделген жағдайда ғана өзгертуге болады. Әр ұйым 30 күнтізбелік күн ішінде қайта тіркеліп, атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді және олардан туындаған сөздерді алып тастауы керек не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауы тиіс.
Лицензияның кері қайтарылуы бұл компаниялардың клиенттерінің қарызын жоймайды. Қолданыстағы шарттар бойынша міндеттемелер сақталады, қарызды бұрынғы талаптармен өтеу қажет.
Үш ұйымның екеуіне қадағалау органының талаптары бұған дейін де қойылған. Ұлттық банктің санкциялар тізілімінде ECKZ компаниясына 2025 жылғы сәуірде есептілік тапсыру кезіндегі бұзушылықтар үшін, ал Taj Finance компаниясына 2026 жылғы маусымда осындай бірқатар ескерту жасалғаны көрсетілген.
Бұл — бір ай ішіндегі лицензиядан айырудың екінші толқыны. 23 қазанда реттеуші жеті МҚҰ-ны, оның ішінде MaxMoney, «Вивус» және EL QAZYNA компанияларын лицензиядан айырған болатын. ҚНРДА микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктер мен ломбардтардың адал емес әрекеттерін анықтауды жалғастыратынын мәлімдеді. Қарыз алмас бұрын компанияның лицензиясы бар-жоғын ресми тізілімдерден тексеруге болады.



