АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Украинаға Patriot кешендеріне арналған 60-қа жуық зениттік зымыранды беруді әлі бекітпеген, дегенмен Вашингтон бұл жеткізілімдерге бұрын келісім берген. Бұл туралы 24 қарашада, сейсенбіде, Financial Times хабарлады. Басылым екі украиндық шенеунікке және жағдайдан хабардар тағы бір дереккөзге сілтеме жасаған. PAC-3 және PAC-2 зымырандары америкалық, бірақ оларды Киевтің батыстағы одақтастары төлейді, ал бір бөлігі еуропалық қоймаларда сақтаулы.
Газеттің мәліметінше, Украинаға тиесілі PAC-3 зымырандарының сегізі қыркүйекте, оннан онысы қазан мен қарашада, тағы 12-сі желтоқсанда келуі керек еді. Төрт партияның бірде-біріне жөнелтуге рұқсат әлі берілмеген. Бұдан бөлек, ескі үлгідегі 20-ға жуық PAC-2 зымыраны да мақұлдауды күтіп тұр. Patriot АҚШ-та шығарылатындықтан, оларды Вашингтонның рұқсатынсыз тіпті еуропа елдерінің қорынан да беруге болмайды.
Пентагон газетке ведомствоның Украинаны қолдау саясаты өзгермегенін айтып, нақты жеткізілімдерге пікір білдіруден бас тартты. Министрліктің тағы бір өкілі ведомство Patriot бойынша Еуропа және Украинамен өнеркәсіптік ынтымақтастықты жеделдету үшін «бірнеше параллель бағытта» жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді. FT-ның украиндық дереккөздері айтуынша, Киевтің Patriot-қа арналған зымыран-ұстағыштарды өзі шығаруына рұқсат беру процесі де Пентагонда тұрып қалған.
Украина президенті Владимир Зеленский жексенбіде АҚШ-ты одақтастарға «серіктестер ақшасын төлеп қойған» зымырандарды беруге рұқсат етуге шақырды. FT дереккөздерінің айтуынша, ұшыру қондырғылары бос тұрғандықтан, Ресей атқан баллистикалық зымырандардың дерлік барлығы нысанаға тиеді. Зеленский бұған дейін 2026 жылы АҚШ Украинаға айына орта есеппен 12 Patriot зымыранын жеткізіп отырғанын айтқан. Газеттің мәліметінше, Киев ұзақ күткен NASAMS кешендеріне арналған зымырандар мақұлданып, жолға шыққан.
Кешігу Дональд Трамп пен Зеленский арасындағы қарым-қатынастың суынған кезеңіне тұспа-тұс келді. Соңғы апталарда Трамп украин президентін соғысты тоқтатқысы келмейді деп айыптап, ресейлік мұнай өңдеу зауыттарына соққыларды сынады, ал Қытайдағы кездесуден кейін Владимир Путинді досым деп атады. FT жазғандай, Киевте Вашингтон әскери көмекті қаңтарда демократтар басым жаңа Конгресс жұмысын бастағанға дейін тез келісімге қол жеткізудің тетігі ретінде пайдаланып отыр деп алаңдайды.



