Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

Мұғалімдерге шағым мен сауалға арналған 1472 байланыс орталығы ашылды

Желі әзірге сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, ал толық іске қосу екі апталық тексеруден кейін жоспарланған.

Министр просвещения Казахстана Жулдыз Сулейменова
Фото: Министерство просвещения РК

Оқу-ағарту министрлігі педагогтарға арналған «1472 байланыс орталығын» іске қосты. Мұғалімдер осы нөмір арқылы жалақы мен қосымша төлемдер, еңбек жағдайы, әдістемелік қолдау, сондай-ақ мектеп басшылығымен не ата-аналармен туындаған дау-дамай жөнінде жүгіне алады. Өтініштер құпия түрде қабылданады. Бұл туралы 23 қарашада оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова хабарлады. Желі «Ұстаз» платформасында жұмыс істейді.

Әзірге байланыс орталығы техникалық сынақ режимінде тұр. «Осы аптада және келесі аптада оның жұмысын сынақтан өткізіп, барлық үдерісті тексереміз, ықтимал техникалық олқылықтарды анықтап, жедел түзетеміз», – деді министр. Ол мұғалімдерді қазірден бастап қоңырау шалуға шақырды: олардың өтініші мен пікірі жүйені толық іске қосуға дайындауға көмектеседі.

Сүлейменованың айтуынша, педагогтар өтінішіне жауапты айлап күтіп, қайта-қайта жазып, түрлі мекемені аралауға мәжбүр болады. «Мұндай жағдайға жол беруге болмайды. Біздің міндетіміз – осы тәсілді өзгерту. Енді әр педагог «1472» нөміріне хабарласып, қажетті кеңес алып, мәселесін шешуге көмек ала алады», – деді ол. Министрдің сөзінше, мұғалім өз проблемасымен жалғыз қалмауы керек, ал оның құқығы мен абыройын қорғау – білім беру жүйесінің тікелей жауапкершілігі.

Министрдің байланыс орталығының іске қосылғанын хабарлаған бейнеүндеуі – оның Instagram парақшасында:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Мұғалімдер үшін бұл нені білдіреді: еңбек қатынасы, жалақы мен қосымша төлемді есептеу жөнінде сұрағы туындаған немесе мектеп әкімшілігімен, оқушылардың ата-анасымен дауласқан кез келген педагог 1472 нөміріне қоңырау шала алады. Желіде кеңес береді, ал мәселені шешу қажет болса, көмектесуге уәде етіп отыр. Жұмыс уақыты мен толық іске қосу тәртібін министрлік әзірге жарияламады.

Байланыс орталығы педагогтарға берілген өзге уәделермен қатар ашылып отыр. 16 қарашада Сүлейменова ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мұғалімдердің жалақысын қайта қарауды қолдауға дайын екенін айтқан. Министрлік сынып жетекшілігі үшін қосымша төлемді арттыру мәселесін де зерделеп жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз