23 қарашада түске таман Ресей әскері Украинаның оңтүстік-шығысындағы, майдан шебіне жақын облыс орталығы Запорожьеге соққы беріп, қаланың Вознесеновка ауданындағы жеке клиника ғимаратына тиді. Үш адам қаза тауып, тағы біреуі жараланды. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігі басшысының міндетін уақытша атқарушы Михаил Семикин хабарлады.
Семикин соққы туралы Киев уақытымен 11:59-да (Астана уақытымен 14:59-да) хабарлады, алғашында бір адамның жараланғанын айтты. Шамамен жарты сағаттан кейін үш адамның қаза тапқаны белгілі болды. Ресей әскері нақты немен соққы бергенін және қаза тапқандардың кім екенін билік әзірге айтқан жоқ. «Қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын», — деп жазды Семикин.
Соққыдан кейін ғимараттың үшінші қабатында өрт шықты, құтқарушылар оны оқшаулап, іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырды. Клиника 2024 жылғы желтоқсаннан бері жұмыс істемей тұрған: ол кезде бұл ғимарат Ресейдің зымыран соққысынан зардап шеккен еді.
Көп ұзамай Ресей әскері Запорожье орталығына тағы соққы берді, бұл жолы ашық алаңға тиді. Алдын ала деректер бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ. 21 қарашада кешке қалаға жасалған кезекті Ресей шабуылынан үш адам, оның ішінде екі бала жараланған. Көшеде адамдар жүрген күндізгі уақытта қала кварталдарындағы ғимараттарға соққы беру — бейбіт халыққа қарсы лаңкестік, соғыс заңдары мұндай әрекетке тыйым салады.



