Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Шығыс Қазақстанда «Шығыс шақырады» жобасы барлық ауданға таралады

Биыл облысқа 16 отбасы көшіп келді, еңбекке қабілетті 26 жаңа тұрғынның 23-і тұрақты жұмысқа орналасты.

Семья переселенцев на новом месте жительства

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қоныс аударушыларды қолдауға арналған «Шығыс шақырады» өңірлік жобасын облыстың барлық ауданына таратуды тапсырды. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, бұған дейін жоба бойынша тек төрт ауданға көшуге болатын. Өңір басшысы жаңа тұрғындарды жұмыспен және өмір сүруге лайықты жағдаймен қамту қажеттігін де атап өтті.

Әкімдік дерегінше, 2026 жылы облысқа 16 отбасы, яғни 67 адам көшіп келді. Олар Риддер мен Алтай қалаларына, Глубокое, Катонқарағай, Марқакөл, Ұлан, Шемонаиха, Үлкен Нарын және Самар аудандарына қоныстанды. Еңбекке қабілетті 26 жаңа тұрғынның 23-і тұрақты жұмысқа орналасты, тағы үшеуі бала күтімі бойынша демалыста.

Аудандар мен ауылдарға жетіспейтін дәрігерлерді, жұмысшыларды және басқа да сұранысқа ие мамандарды «Оңтүстік – Шығыс маманы» бағыты арқылы тартады. Оған қатысушыларға жеңілдетілген ипотека ұсынылады, ал бастапқы жарнаны экономикалық ұтқырлық сертификатымен төлеуге көмектеседі. Риддерге көшкен жалпы тәжірибелік дәрігер осылайша пәтер сатып алды. Катонқарағай ауданына келген хирург пен офтальмолог және Риддердегі жерасты кеншісі қазір құжаттарын рәсімдеп жатыр.

Өз ісін ашқысы келетіндерге грант беріледі. Биыл қоныс аударушылар мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, сауда, өндіріс және қызмет көрсету салаларындағы жобаларына осындай 16 грант алды.

Жаңа тұрғындарды баспанамен қамтуға бизнес те атсалысып отыр. «Құтты өңір» жобасы бойынша кәсіпкерлер ауылдағы бос тұрған үйлерді сатып алып, жөндейді де, қоныс аударушыларға сатады. Марқакөл ауданында бір кәсіпкер Ақбұлақ ауылындағы бес үйді жөндеп шықты, оларды қоныс аударушылар экономикалық ұтқырлық сертификатымен сатып алды. Ауданда келесі жылы келетін отбасыларға тағы екі үй дайындалды. Шекаралас ауылдар үшін әкімдік жеке тұрғын үй құрылысына негізделген «Одноэтажный Восток» («Бір қабатты Шығыс») жобасын қарастырмақ. Бұл ретте Президенттің 2027 жылды Құрылыс жылы етуді ұсынғаны ескеріледі.

Облыс басқа өңірлерден келетіндермен қатар өз қала тұрғындарын да ауылға көшіреді. Көктемде бекітілген бұл бағдарлама Өскемен, Риддер және Алтай қалаларының еңбекке қабілетті тұрғындарына арналған. Ол бойынша 11 отбасы, яғни 36 адам көшіп үлгерді: бес отбасы Марқакөл ауданына, алты отбасы Катонқарағай ауданына қоныстанды. Бағдарламалардың шарттары, бос жұмыс орындары, сатылатын үйлердің суреттері, бағасы мен мекенжайлары altynqaqpa.kz сайтына жинақталған.

«Шығыс шақырады» өңірлік жоспары өткен жылы қабылданып, 2026 жылғы қаңтардан бастап Марқакөл, Катонқарағай, Тарбағатай және Самар аудандарында пилоттық режимде жүзеге асырылды. Ол еңбек күші артық өңірлерден ерікті қоныс аударудың жалпымемлекеттік бағдарламасын толықтырады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, 1 тамызға дейін осы бағдарлама бойынша ШҚО-ға 171 отбасы, яғни 600 адам келген, бұл — 2026 жылға бөлінген квотаның толық көлемі. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап елде ерікті қоныс аударудың жаңа қағидалары күшіне енеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз