Мазмұнға өту

Ресей дроны Украинаның Нежин қаласында екі адамды өлтірді

Реактивті ұшқышсыз аппарат жұмыс күнінің ортасында кәсіпорынға тиді, ал сол күні көрші Житомир облысында Ресей тағы бір адамның өмірін қиды.

Здание городского совета в Нежине Черниговской области
Фото: Woait / Wikimedia Commons, CC BY-SA 4.0

UPD: Нежинге соққыдан қаза тапқандар саны үшеуге жетті.

27 қарашада Киев уақытымен сағат 11:00 шамасында (Астана уақытымен 14:00-де) ресейлік ұшқышсыз аппарат Нежин қаласындағы кәсіпорынға соққы берді. Нежин – Украинаның солтүстігіндегі Чернигов облысына қарасты қала, Киевтен солтүстік-шығысқа қарай шамамен 120 шақырым жерде орналасқан. Соққыдан екі адам – ер адам мен әйел қаза тапты, тағы төрт адам жараланды. Бұл туралы Нежин қаласының басшысы Александр Кодола хабарлады. Алдын ала деректер бойынша, үйінді астында адамдар қалуы мүмкін.

Сол күні Ресей Житомир облысының Малин қауымдастығындағы азаматтық кәсіпорынға да шабуыл жасады. Бұл аймақ Киевтен солтүстік-батысқа қарай шамамен 100 шақырым жерде. Онда бір адам қаза тауып, тағы екеуі зардап шекті. Бұл туралы Житомир облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Виталий Бунечко мәлімдеді.

Соққыдан бұрын Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Нежинге қарай реактивті ұшқышсыз аппарат ұшып бара жатқанын ескерткен. Бұл – реактивті қозғалтқышы бар шабуылдаушы дрон: ол кәдімгі «Шахедтен» әлдеқайда жылдам ұшады, сондықтан оны атып түсіру қиынырақ. Нақты қай кәсіпорын соққыға ұшырағанын билік әзірге айтпай отыр.

Нежинде жараланған төрт адамның бәрі ауруханаға жеткізілді, оларға көмек көрсетіліп жатыр. Соққы болған жерде құтқарушылар мен басқа да қызметтер жұмыс істеп жатыр. Кодола қала тұрғындарын сабыр сақтауға, тексерілмеген ақпарат таратпауға және тек ресми хабарламаларға сенуге шақырды. Малинде де жараланғандарға дәрігерлер көмек көрсетуде, ал Бунечко қаза тапқан адамның туыстарына көңіл айтты.

Кәдімгі жұмыс күнінің ортасында жұмыстағы адамдарға соққы беру – Ресейдің бейбіт украиндарға қарсы кезекті лаңкестік шабуылы. Ресей Чернигов облысын күн сайын дерлік атқылап отыр: сол күні таңертең ресейлік дрондар облыс орталығы Черниговке шабуыл жасап, 40 жастағы ер адам қаза тапты. Ресей әскері Малин қауымдастығын 25 қарашада да атқылаған, ол кезде де бір адам қаза тапқан. Ал түнде Ресей Украинаға 155 дронмен шабуыл жасап, алты облысты жарықсыз қалдырды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз