12 қарашада таңертең Ресейдің шабуылдаушы дроны Киевтің Соломен ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйге соқтығысты. Бұл – Украина астанасының батыс бөлігі. Соққыдан 44 жастағы әйел қаза тауып, тағы жеті адам жараланды. Бұл туралы Киев қалалық әскери әкімшілігі мен Киев полициясы хабарлады.
Дрон тиген соң үйде өрт шықты. Киев мэрі Виталий Кличконың айтуынша, жалын үшінші қабаттан алтыншы қабатқа дейін шарпыған, бесінші қабат деңгейінде қабырғаның бір бөлігі қираған. Алғашында билік медиктер орнында көмек көрсеткен екі зардап шегуші туралы айтты. Кейін олардың саны беске, одан соң жетіге жетті. Полиция мәліметінше, жараланғандар 37 мен 83 жас аралығында.

Оқиға орнында ТЖМҚ құтқарушылары, медиктер, тергеу-жедел топтары мен жарылғыш заттар мамандары жұмыс істеді. Полиция үй жанында тұрғындар зақымдалған мүлік туралы арыз бере алатын жылжымалы пункт ашты. Тұрғын үйге жасалған әрбір мұндай соққы – бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік шабуыл әрі Ресейдің әскери қылмысы.

Киевке жасалған соққы 11 қарашаның кешінен таңға дейін созылған Украинаға қарсы ауқымды шабуылдың бір бөлігі болды. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері хабарлағандай, Ресей «Искандер-М», Солтүстік Кореяның KN-23 баллистикалық зымырандарын, С-400 зениттік кешендерінің зымырандарын, «Циркон» зымырандарын және 123 шабуылдаушы дронды ұшырды. Олардың көбі – «Шахедтер». «Шахед» – Ресей өз аумағында шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон. Қорғаныс күштері 94 нысананы атып түсірді не басып тастады, алайда 17 жерде соққы тиген. Киев облыстық әскери әкімшілігінің дерегінше, облыстың Обухов ауданында бір өндіріс кәсіпорны зақымдалған, онда зардап шеккендер жоқ.
Ресей Киев пен облысты күн сайын дерлік атқылап келеді. Бір күн бұрын Яготин қаласында Ресей дроны алдыңғы шабуылдан кейін өрт сөндіріп жатқан екі құтқарушының өмірін қиды. Соққылар дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқан тұста жалғасып отыр: АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 12 қарашада Путинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге келді, одан кейін олар Дублинде Зеленскиймен кездесуі тиіс.



