Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Рютте: Ресей Украинада айына 40 мыңнан астам әскерін жоғалтуда

НАТО Бас хатшысы Ресей әскерінің бір айлық шығынын АҚШ-тың Вьетнамдағы 14 жылдық соғыста жоғалтқан сарбаздарының санымен салыстырды.

Генсек-НАТО-Марк-Рютте-проводит-сокращение-в-штаб-квартире-военного-блока
Генсек НАТО Марк Рютте проводит сокращение в штаб-квартире военного блока

Ресей әскері Украинаға қарсы соғыста ай сайын 40 мыңнан астам әскерін қаза тапқан не ауыр жараланған күйде жоғалтып отыр. Бұл туралы НАТО Бас хатшысы Марк Рютте 11 қарашада Atlantic Future Forum форумында сөйлеген сөзінде мәлімдеді. Оның айтуынша, алдын ала деректерге қарағанда, қазан айында Ресейдің шығыны 50 мың адамнан асып кетуі мүмкін.

Ауқымын көрсету үшін Рютте бұл сандарды Вьетнам соғысымен салыстырды. Оның сөзінше, АҚШ ол соғыста 14 жыл ішінде шамамен 56 мың адамынан айырылған. Яғни Ресей көрші елге қарсы басқыншылық соғыста дәл сонша адамды небәрі бір айда жоғалтып отыр.

НАТО Бас хатшысы Путин қалаларды зымыран мен дронмен атқылап, қыс алдында инфрақұрылымды қиратып, украиндардың қарсылық көрсету ерік-жігерін жасытуға тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Ресей одақтастардың арасына жік салып, Украинаға қолдауды әлсірету үшін Еуропа елдеріне қарсы гибридтік шабуылдарын да күшейтті, бірақ бұл мақсатына жете алмайды. «Ресей біздің елдерге қарсы жасаған әрбір гибридтік шабуылға біз Украинаға жаңа көмекпен жауап береміз», – деді Рютте. Ол НАТО елдері қорғаныс шығындарын жедел арттырып жатқанын да атап өтті.

Украина Қарулы күштерінің Бас штабы өз есебін жүргізеді. Оның мәліметінше, қараша басынан бері Ресей әскері тәулігіне орта есеппен 2 400-дей әскерін қаза тапқан және жараланған күйде жоғалтып отыр, ал 2022 жылғы ақпаннан бергі жалпы шығыны 1,6 млн адамнан асты. Ресей өз шығынын жария етпейді.

Рюттенің мәлімдемесі бітімге келудің жаңа әрекеті тұсында жасалды: АҚШ президентінің өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер 12 қарашада Путинмен келіссөз жүргізу үшін Мәскеуге келді, одан кейін олар Зеленскиймен кездесуі тиіс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз