«Реалдың» бразилиялық шабуылшысы Эндрик ойын уақыты аз болғандықтан қаңтарда клубтан кетуді байыппен ойластырып жүр. Бас бапкер Жозе Моуринью мен мадридтіктердің басшылығы оның кетуіне қарсы. Бұл туралы журналист Марио Кортеганаға сілтеме жасап, The Athletic хабарлайды.
Басылымның мәліметінше, 20 жастағы форвард әлі түпкілікті шешім қабылдаған жоқ: бәрі алдағы бір айда қанша минут ойнайтынына байланысты. Биылғы маусымда Эндрик жеті матчта 140 минут ойнап, негізгі құрамда бір-ақ рет — «Севильяға» қарсы (4:1) шықты. Жалғыз голы мен гол пасын ол Чемпиондар лигасында «Ромаға» қарсы жеңісті ойында (4:3) алмастырудан шығып жасады. Ойыншының өзі Сингапурдағы Бразилия құрамасының жиынында бұл сұрақты ашық қалдырды. «Қаңтарда не болатынын білмеймін. Бұл Құдайдың қолында. Бір-ақ нәрсе сұраймын — мансабым үшін ең жақсысын істеу. Не болса да, болатыны болады», — деді ол баспасөз мәслихатында. Сонымен бірге Эндрик Моуриньюға қатты сенетінін атап өтті: оның айтуынша, бапкер күн сайын қасына келіп, футбол туралы ғана емес, жеке өмірі жайлы да сұрайды. «Мен әрқашан «Реал» үшін бар күшімді саламын, өйткені клуб бәрінен жоғары», — деп қосты бразилиялық.
«Реал» бұл жолы Эндрикті жалға бергісі келмейді. Ал сату туралы сөз болса, клуб 60 млн еуродан астам (шамамен 29,7 млрд теңге) сұрайды — мадридтіктер «Палмейрасқа» бонустарымен бірге дәл осынша төлеген. Моуринью қазан айында, «Ромамен» ойын алдында-ақ, шабуылшыға қызығушылық танытқан клубтар бұл ойды ұмытқаны жөн деген.
Эндрикке «Рома» мен «Милан» бәрінен көп қызығушылық танытып отыр — екі клуб та оны жазда-ақ алуға тырысқан. The Athletic мәліметінше, бразилиялыққа «Арсенал» мен «Спортинг» назар аударды деген қауесеттің негізі жоқ.
Эндрик Мадридке «Палмейрастан» 2024 жылы ауысқан, келісімшарты 2030 жылға дейін жасалған. 2026 жылдың қаңтарынан маусымына дейін ол «Лионда» жалға ойнады, бұл оған Бразилия құрамасының әлем чемпионатына арналған өтінімге енуге көмектесті.



