Қазақстанның Жоғары аудиторлық палатасы еңбек нарығын мемлекеттік реттеу шараларының тиімділігіне жүргізген аудитті аяқтап, 471 млн теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады. Тағы 519 млн теңгені аудиторлар тиімсіз жоспарлауға жатқызды, сондай-ақ 476 рәсімдік бұзушылық пен 91 жүйелік кемшілік тапты. Тексеру қорытындысы палата төрағасы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен отырыста шығарылды.
Аудит Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің, Еңбек ресурстарын дамыту орталығының және өңірлердегі бейінді ведомстволардың 2023 жылдан 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі жұмысын қамтыды.
Жұмыспен қамтуға бөлінетін қаржының негізгі бөлігі бұрынғыша жұмыс орындарын субсидиялауға кетеді. 2025 жылы тексерілген шараларға 163 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған: оның 89%-ы субсидияланатын жұмыспен қамтуға, небәрі 2%-ы кәсіптік оқытуға бағытталған.
Аудиторлардың жоспарлауға да ескертпесі бар. Басым міндеттердің бірі – 2029 жылға қарай сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 миллионға жеткізу. Алайда оны орындау тетіктері орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етпейді. Еңбек министрлігі бірлескен орындаушылардың іс-шараларды қалай жүзеге асырып жатқанын толық қадағаламайды, сондықтан кейбір шаралар нақты нәтижесі расталмаса да есептерде орындалды деп көрсетіледі. Палатаның бағалауынша, кадрға деген қажеттілік болжамдары да жеткілікті негізделмеген: оларды жасауға өзекті әдістеме, бірыңғай тәсіл мен қажетті бастапқы деректер жоқ. Сондықтан мамандар даярлауды жоспарлағанда бұл болжамдарға сүйену қиын.
Аудиторлар әлеуметтік осал топтарды – мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды және пробация қызметінің есебінде тұрғандарды жұмысқа орналастыруда да түйткіл бар екенін бөлек атап өтті.
Еңбек көші-қоны саласында палата көші-қон үдерістерін де, азаматтар мен қандастарды ерікті түрде қоныстандыру бағдарламаларының нәтижесін де есепке алу мен бақылауда кемшілік тапты. Қоныс аударушылардың жұмысқа орналасқан-орналаспағаны, көшіп барған өңірде қалған-қалмағаны және алған мамандығы бойынша жұмыс істейтіні толық қадағаланбайды. Сондықтан шаралардың ұзақ мерзімді әсері мен бюджет қаражатының қайтарымын бағалау қиын.
Еңбек нарығы туралы деректер де әлсіз тұс ретінде аталды. Ақпараттық жүйелер мен ведомствоаралық деректер алмасуда кемшіліктер бар, ал жұмыспен қамтудың кейбір көрсеткіштері жеткілікті сенімді емес, өйткені оларды қалыптастыру мен тексерудің бірыңғай тәртібі жоқ. Ұлттық біліктілік жүйесі мамандарға қойылатын талаптарды уақтылы жаңартып үлгермейді, ал кеңейіп келе жатқан платформалық жұмыспен қамту толыққанды есепке алынбайды әрі реттелмейді.
Сонымен бірге палата еңбек нарығындағы жалпы жағдайды тұрақты деп бағалады: 2023–2025 жылдары жұмыспен қамтылғандар саны 239 мыңға жуық адамға көбейіп, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,6%-ға төмендеді. Соңғы деректерге сәйкес, 2026 жылғы үшінші тоқсанда жұмыссыздық 4,5% деңгейінде болды. Аудит қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға барлық кемшілікті жою жөнінде ұсынымдар берілді, олардың орындалуын палата бақылауға алды.



