Мазмұнға өту
2026 жылғы 19 қараша, бейсенбі

Ұлттық банк қарызға сегіз жылдық табыс лимитін енгізуден бас тартты

Бұл туралы Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев айтты.

Национальный банк Казахстана
Фото: Нацбанк РК

Қазақстан Ұлттық банкі 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қарыз алушының жалпы қарызын оның сегіз жылдық табысымен шектейтін «қарыздың табысқа арақатынасы» (ҚТА) коэффициентін енгізбейді. Бұл туралы LS басылымына берген сұхбатында Ұлттық банктің қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев айтты. Оның сөзінше, коэффициент мониторинг режимінде қалады: реттеуші оны тек бақылап, қаржы ұйымдарымен есептілікті жолға қояды.

Басты себеп — несие нарығы бәсеңдеді. Кей кезеңдерде тұтынушылық несиелеу 35%-ға дейін өскен, бірақ реттеушілер шара қолданғаннан кейін өсім қалыпқа келді. «Бұрынғыдай өсу тәуекелдерін байқамаймыз», — деді Күбенбаев. «Сондықтан біз парасатты реттеуші ретінде нарыққа артық қысым жасамадық», — деп қосты ол.

Қарыз алушылар үшін бұл 2027 жылы несие рәсімдеу кезінде қосымша шектеу пайда болмайтынын білдіреді. Банктер бұрынғыдай борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) тексереді — ол адамның несиелер бойынша ай сайынғы төлемдерді өтей алатын-алмайтынын көрсетеді. ҚТА басқаша жұмыс істер еді: ол жылдық табыспен төлемдерді емес, қарыздың бүкіл сомасын салыстырар еді.

Ұлттық банк бұл шектеуді 2027 жылдан енгізбек болып, қаулы жобасын да дайындап қойған. ҚТА-ны тұтынушылық несиелер, кепілді қарыздар және автонесиелер бойынша бөлек есептеу жоспарланған. Одан бас тарту реттеушінің тағы бір шешімімен тұспа-тұс келді: Ұлттық банк жақында ипотека мен автонесиелер бойынша жеңілдіктерді ұзартты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз