Мазмұнға өту
2026 жылғы 19 қараша, бейсенбі

Илон Маск АҚШ сайлауына жұмсаған шығынына өкінетінін айтты

Сонымен қатар миллиардер DealBook саммитінде Anthropic SpaceX-тен тағы 10 гигаватт есептеу қуатын сұрауы әбден мүмкін екенін мәлімдеді.

Илон Маск
Фото: Wikimedia Commons

Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск АҚШ-тағы аралық сайлауда республикашылдарды қолдауға жұмсаған жүздеген миллион доллары босқа кеткенін мойындады. «Сонша ақша жұмсап, оның орнына ештеңе дерлік ала алмағаныма байланысты өзімді біршама ақымақ сезінемін», — деді ол 18 қарашада Нью-Йоркте өткен The New York Times газетінің DealBook саммитіне бейнебайланыс арқылы қатысып, деп хабарлайды CBS News.

«Егер уақытты кері айналдыра алсам, бәлкім, азырақ ақша жұмсар едім», — деп қосты Маск. Сонымен бірге ол өз қаржысы болмаса, республикашылдардың нәтижесі одан да нашар болуы мүмкін екенін жоққа шығармады: «Мүмкін, онсыз бәрі әлдеқайда нашар болар еді». Оның айтуынша, сайлаудың нәтижесін тек ақша ғана шешпейді.

Маск негізгі бәсті Техасқа тіккен, Tesla мен SpaceX-тің көптеген бөлімшесі сол штатта жұмыс істейді. Ол Сенаттағы орынға таласқан республикашыл Кен Пакстонды қолдаған топқа ғана 150 млн доллардан астам (шамамен 67 млрд теңге) аударған. Пакстон демократ Джеймс Таларикодан жеңілді. Техас губернаторлығына да демократтардың өкілі Джина Инохоса сайланды, ал жалпы алғанда демократтар Конгрестің екі палатасында да көпшілік орынға ие болды. Маск штаттағы бизнесі үшін алаңдамайтынын айтты: «Ол туралы естігендерімнің бәріне қарағанда, Джина губернатор болғанда Техаста бәрі жақсы болады деп ойлаймын».

Саммитте Маск Дональд Трамп жақтастарының қозғалысынан да алшақтады. «Мен MAGA емеспін», — деп мәлімдеді ол, бұған дейін өзін солай атағанына қарамастан. «Менің ойымша, екі партияның да жақсы және жаман жақтары бар», — деді миллиардер.

Маск бизнеске де тоқталды. Оның сөзінше, Anthropic жасанды интеллект компаниясы SpaceX-тен есептеу қуатын жалға алуды «өте үлкен ықтималдықпен» жалғастырады және одан әлдеқайда көп қуат алғысы келеді. Ол Anthropic, сірә, тағы 10 гигаватт қуат сұрайды деп болжады.

Маск — әлемдегі ең бай адам, 2025 жылы ол Трамп әкімшілігінде Үкімет тиімділігі департаментін (DOGE) басқарған. Сайлау алдында ол республикашылдардың қорларына ірі сомалар салған. Енді демократтар парламенттік тексерулер жүргізбек, Маск солардың ортасында қалады деп күтілуде.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз