Тергеу дерегінше, Алматының үш тұрғыны Қырғызстан азаматтарынан дропперлер желісін құрған: олардың банк шоттары арқылы 3,6 млрд теңгеден астам қаржы өткен. Бұл ақша криптовалютамен заңсыз операция жасауға және онлайн-казиноларға қызмет көрсетуге жұмсалған, деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА). Тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.
Шетелдіктерді делдалдар арқылы тартқан, негізінен жастарды, соның ішінде студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болғандарды таңдаған. Күдіктілер олардың Қазақстанға келетін жол ақысын, тұратын жері мен тамағын төлеп, ұялы телефон мен SIM-карта берген. «Ақшалай сыйақы үшін шетелдіктер өз банк шоттарына қолжетімділікті беріп, кейін еліне қайтып кеткен», — делінген ҚМА хабарламасында.
Бұл шоттар лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу-сату үшін пайдаланылған. Сонымен қатар күдіктілер SkyPhoenix халықаралық төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games және басқа да онлайн-казинолардың қаржы операцияларына қызмет көрсеткен: ойыншылардың төлемін қабылдап, ұтысты төлеп, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютамен шығарып берген. Бұл үшін олар түскен соманың 4%-ын алып отырған.
Екі күдікті үй қамағында отыр. Соттың санкциясымен үш көлік пен жер теліміне тыйым салынды. Істі ҚМА-ның Алматы облысы бойынша департаменті тергеген, өзге мәліметтер ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.
ҚМА іс бойынша хабарлама мен бейнежазбаны Telegram-арнасында жариялады:
ҚМА байланыс орталығының нөмірі — 1458.
«Кибернадзор» жүйесі арқылы Қазақстанда 619 мыңнан астам дропперлік шот бұғатталды.



