Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

«Аштық ойындары» жаңа фильмі алғашқы демалыста $120 млн жинауы мүмкін

CinemaScore сауалнамасында жаңа бөлім алдыңғы фильмнің «B+» бағасынан жоғары — «A-» бағасын алды.

Джозеф Зада в роли Хеймитча Эбернети в фильме «Голодные игры: Рассвет жатвы»
Фото: Lionsgate

«Аштық ойындары» франшизасының жаңа фильмі The Hunger Games: Sunrise on the Reaping («Голодные игры: Рассвет жатвы») прокаттың алғашқы күні, жұмада, АҚШ пен Канадада премьераға дейінгі көрсетілімдерді қоса есептегенде 56 млн доллар жинады. Алғашқы демалыста фильмнің табысы 120 млн долларға, яғни шамамен 54,6 млрд теңгеге жетуі мүмкін, деп сенбі күнгі таңғы деректер бойынша хабарлады Deadline.

Осылайша франшиза 100 млн доллардан асатын бастауларға қайта оралды. Циклдің алдыңғы фильмі, 2023 жылғы The Ballad of Songbirds & Snakes, небәрі 44,6 млн доллармен бастаған еді — жаңа бөлім одан 2,5 есеге жуық жақсы бастады. Қазір фильм серия тарихындағы төртінші бастауды көрсетіп отыр, бірақ Deadline бағалауынша, жексенбіге қарай ол 2014 жылғы Mockingjay – Part 1 фильмін (121,8 млн доллар) басып озып, үшінші орынға көтерілуі мүмкін. Ең үздік бастаулар әлі де Catching Fire (158 млн доллар) мен 2012 жылғы алғашқы «Аштық ойындарында» (152,5 млн доллар).

Көрермендер фильмді алдыңғы бөлімнен жылырақ қабылдады: CinemaScore бағасы «B+»-тан «A-»-ға көтерілді, ал PostTrak сауалнамасында көрермендердің 93 пайызы картинаға оң баға берді. Көрермендердің 68 пайызын әйелдер, 74 пайызын 18–34 жастағылар құрады. Демалыстағы табыстың жартысына жуығын, 47 пайызын, IMAX пен премиум форматтағы залдар беріп отыр.

Deadline дерегінше, Солтүстік Америкадан тыс жерлерде фильм жұмаға қарай шыққан 67 елдің 66-сында прокат көшін бастады, тағы 17 елде премьера осы демалыста өтіп жатыр. Әлемдік бастау шамамен 200 млн доллар болуы мүмкін. Картинаны түсіруге шамамен 150 млн доллар жұмсалған, ал басылым дереккөздерінің айтуынша, АҚШ-тағы жарнамаға тағы 60 млн доллар кеткен.

Қазақстан үшін премьераның өзіндік мәні бар: фильмге астаналық актер Диас Қалдыбеков түсті, Kazinform мәліметінше, ол Англер есімді трибутты сомдады. Фильм — Сьюзен Коллинз романдары бойынша түсірілген франшизаның алтыншы фильмі әрі Джозеф Зада сомдаған Хеймитч Эбернетидің жастық шағы туралы приквел. Режиссері — Фрэнсис Лоуренс. Премьераға дейін-ақ фильм алғашқы көрсетілімдерде 21 млн доллар жинаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз