Мазмұнға өту

Жүрекке ота: 98 жастағы науқастың қақпақшасы 45 минутта ауыстырылды

ҚІА ҒЗИ басқарма төрағасы Рустем Тулеутаев бұған дейін институтта 94 және 96 жастағы науқастарға да осындай ота жасалғанын еске салды.

Интервенционный кардиолог в рентгеноперационной НИИ кардиологии и внутренних болезней в Алматы
Фото: НИИ КВБ

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 98 жастағы науқастың қолқа қақпақшасы кеуде қуысын ашпай ауыстырылды. Аз инвазивті ота 45 минутқа созылып, асқынусыз өтті. Бұл туралы ҚІА ҒЗИ хабарлады.

Ер адамның қолқа стенозы айқын байқалған: жүрек қақпақшасы тарылып, қанның жүректен еркін шығуына кедергі келтірген. Институт мәліметінше, бұл ауру жүрек жеткіліксіздігіне, талып қалуға әкелуі мүмкін және кенеттен қайтыс болу қаупін арттырады. 98 жаста жүрекке ашық ота жасау хирургиялық тұрғыдан аса қауіпті, сондықтан дәрігерлер қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау әдісін – TAVI-ді таңдады.

Алдымен науқасқа баллонды вальвулопластика жасалды, кейін оң жақ сан артериясы арқылы өлшемі 29 миллиметр биологиялық қақпақша орнатылды. Институт мәліметінше, нәтиже бірден байқалды: қақпақшадағы қысым градиенті нөлге жуықтап төмендеді, жаңа қақпақша толыққанды жұмыс істей бастады. Отадан кейін науқас бақылауда болу үшін реанимация және қарқынды терапия бөліміне ауыстырылды.

Отаны рентгеноперациялық бөлімнің меңгерушісі Алексей Колесников пен интервенциялық кардиологтар Алмат Калжанов және Нуржан Теменов жасады.

Ашық ота аса қауіпті саналатын қолқа стенозы бар егде жастағы адамдарға TAVI зақымдалған қақпақшаны кеуде қуысын ашпай әрі жасанды қан айналым аппаратына қоспай ауыстыруға мүмкіндік береді. ҚІА ҒЗИ басқарма төрағасы Рустем Тулеутаев мұндай араласу тіпті жасы өте ұлғайған науқастарға да көмектесетінін атап өтті.

Оның айтуынша, бес жыл бұрын институтта осындай ота 94 жастағы науқасқа, төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа жасалған. Бұған дейін Алматыда TAVI әдісімен 95 жастағы науқас әйелдің де қақпақшасы ауыстырылған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз