Канада Денсаулық сақтау министрлігі (Health Canada) 25 қарашада семаглутид бар препараттарды — Оземпик, Вегови, Рибелсус және олардың генериктерін қабылдағанда көру қабілетін жоғалтудың «өте сирек, бірақ ауыр» қаупі бар екенін ескертті. Ведомство өз тексерісін аяқтап, бұл дәрілер мен артериттік емес алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия (NAION) арасында ықтимал байланыс тапқанын Health Canada хабарлады.
NAION кезінде көру жүйкесіне қан аз барады. Көру кенеттен және ауыртпай, әдетте бір көзде нашарлайды: көрініс бұлыңғырланып, көбіне төменгі бөлігі анық көрінбей қалады. Көпшілігі мұны ұйқыдан оянған бетте байқайды. Бұл аурудың емі жоқ, көру қабілеті әдетте қалпына келмейді. Ауру көбіне 50 жастан асқан, қант диабеті бар, қан қысымы мен холестерині жоғары адамдарда кездеседі.
Ведомство қорытынды шолуында семаглутид қабылдаған науқастардағы NAION-ның 23 жағдайын — 12 канадалық және 11 шетелдік жағдайды талдады. Оның 16-сында препаратпен байланыс ықтимал, біреуінде екіталай деп танылды, тағы алтауын бағалау мүмкін болмады. Мамандар 10 ғылыми жұмысты да зерделеді: олардың бірнешеуіне сәйкес, семаглутид қабылдаған 2-типті қант диабеті бар адамдарда NAION басқа препараттармен емделгендерге қарағанда шамамен екі есе жиі дамыған. Мұның себебі әлі толық анықталмаған. Шолуда қандағы қанттың тез төмендеуі жүйкенің ісінуіне әкеліп, оның қанмен қамтылуын нашарлатуы мүмкін деген болжам айтылған.
Ескерту семаглутид бар препараттардың көпшілігінің канадалық нұсқаулықтарына енгізіліп қойды, қалғандары бойынша ведомство өндірушілермен жұмыс істеп жатыр. Health Canada семаглутид қабылдап жүргенде көру кенеттен жоғалса немесе тез нашарласа, дереу дәрігерге қаралуға, ал дәрігерлерге мұндай науқастарды офтальмологқа жіберіп, диагноз расталса, препаратты тоқтатуға кеңес береді. Енді ведомство GLP-1 класындағы басқа дәрілерді де тексеріп жатыр.
Семаглутид Қазақстанда да сатылады: мұнда Novo Nordisk компаниясының таблеткалары мен шприц-қаламдары бар, ал 2025 жылы ресейлік «Семавик» аналогы тіркелді. Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі мен Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы қазақстандық науқастардағы NAION жағдайлары мен нұсқаулықтардағы өзгерістер туралы хабарлаған жоқ.
«Бұл — өте сирек жанама әсер: мүмкін, 5000 адамның біреуінде, 10 000 адамның біреуінде немесе одан да сирек кездеседі, және біз нақты білмейінше сақ болуымыз керек», — деді CBC News-ке GLP-1 препараттарын зерттейтін жетекші ғалымдардың бірі, канадалық эндокринолог Дэниел Друкер. Ведомство шешімін Монреальдың 71 жастағы тұрғыны Джеффри Гилман қолдады. 2024 жылы қант диабетін семаглутидпен емдей бастағаннан бірнеше ай өткен соң ол бір күні оянып, оң көзімен көре алмай қалған. Қазір ол бұл көзімен небәрі 10% көреді.
Мұндай шешімдерді басқа реттеушілер де бұған дейін қабылдаған. 2025 жылы Еуропалық дәрілік заттар агенттігі (EMA) NAION-ды семаглутидтің өте сирек жанама әсері деп таныды — ол 10 000 науқастың біреуінде кездесуі мүмкін. 2026 жылғы 9 қарашада FDA АҚШ-та GLP-1 препараттарының бәрінің нұсқаулығында бұл туралы ескертуді міндеттеді. Ал Данияда өтемақы қызметі Оземпик немесе Вегови егілгеннен кейін NAION дамыған 31 науқасқа ақы төледі.



