Данияда пациенттерге өтемақы төлейтін Patienterstatningen қызметі Оземпик немесе Вегови егілгеннен кейін артериитсіз алдыңғы ишемиялық оптикалық нейропатия (NAION) — көру нервінің сирек зақымдануы пайда болған 31 адамға ақы төледі. Bloomberg 19 қарашада хабарлағандай, оларға барлығы шамамен 15 млн дат кронасы (шамамен 978 млн теңге немесе 2,3 млн доллар) тағайындалған.
Агенттіктің деректеріне сәйкес, қызметке 94 өтініш түскен: оның 31-і қанағаттандырылып, 29-ы қабылданбаған, тағы 34-і әлі қаралып жатыр. Бір жыл бұрын небәрі бес шешім шыққан еді: 2025 жылғы қарашада төрт науқас жалпы 800 мың крона (шамамен 52 млн теңге) алған. Әр өтініш жеке қаралады, ал ауру дәріні тоқтатқаннан кейін көп уақыт өткен соң пайда болса, ақы төленбейді. Patienterstatningen — мемлекет пен сақтандыру компаниялары қаржыландыратын тәуелсіз ұйым. Өтемақы алу үшін дәрігердің немесе өндірушінің кінәсін дәлелдеудің қажеті жоқ.
Төлемдердің өзі ауруды дәл семаглутид — екі препараттың да әсер етуші заты — тудырғанын дәлелдемейді. Оземпик пен Вегови шығаратын Novo Nordisk компаниясы өз дәрілері мен NAION арасында себеп-салдарлық байланыс көрмейді және семаглутидтің пайдасы бұрынғыдай қауіптен басым деп санайды.
NAION әдетте бір көздің кенеттен, ауырсынусыз көрмей қалуымен білінеді, ал көру қабілеті қалпына келмеуі де мүмкін. Бұл аурудың қаупі дәрісіз-ақ қант диабеті, жоғары қан қысымы, ұйқы кезіндегі апноэ бар адамдарда және темекі шегетіндерде жоғары. Мұндай препараттар тағайындалатындардың көбі осы топқа жатады. 2025 жылы Еуропалық дәрілік заттар агенттігінің (EMA) қауіпсіздік жөніндегі комитеті NAION-ды семаглутидтің өте сирек жанама әсері деп таныды: ол 10 000 пациенттің біреуінде кездесуі мүмкін. Тексеруді екі даниялық зерттеуден кейін Данияның дәрілік заттар агенттігі сұраған.
Даниядағы шешімдер АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) 9 қарашада GLP-1 класындағы барлық препараттың, соның ішінде Оземпик, Вегови, Рибелсус, Мунджаро және Зепбаунд нұсқаулықтарына NAION-ның ықтимал қаупі туралы ескерту қосуды міндеттегеннен кейін он күн өткенде шықты. FDA жүргізген 126 клиникалық сынақтың метаталдауына 134 253 пациент қамтылған: NAION GLP-1 қабылдағандарда 100 мың пациент-жылға шаққанда 6,4 жағдай, ал салыстыру топтарында 3,8 жағдай болып шыққан. Реттеушінің өзі бұл қауіпті «ықтимал» деп атайды. FDA дәрігерлерге пациенттерден бір көздің кенеттен нашар көре бастағанын бірден хабарлауды сұрап, мұндай науқастарды офтальмологқа жіберуді ұсынады.
Семаглутид Қазақстанда да сатылады. Novo Nordisk препараттарынан бөлек, 2025 жылғы шілдеде Денсаулық сақтау министрлігі ресейлік «Семавик» аналогын тіркеді. Министрлік қазақстандық пациенттер арасындағы NAION жағдайлары немесе мұндай дәрілерге қатысты жаңа ескертулер туралы хабарлаған жоқ.
Бұл кластағы препараттардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар бұрын да туған: мысалы, ғалымдар Оземпиктен бас тартқаннан кейінгі қауіптерді сипаттаған.



