Мазмұнға өту

Мемлекеттік қызметшілерді есірткіге тексеру ережесі бекітілді

Кадр қызметі әртүрлі топқа жататын үш не одан көп белгі байқаса, мысалы, қызметші жұмысқа жиі келмесе, көз қарашығы кеңейсе және сөзі байланыссыз болса, оны тексеруге жіберуге болады.

Мужчина в деловом костюме, иллюстративное фото
Фото: Hill Street Studios/Getty Images

Денсаулық сақтау министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жұмыста есірткі қолдану белгілері байқалған мемлекеттік қызметшіні тексеруге жіберу ережесін бекітті. Бірлескен бұйрық Нормативтік құқықтық актілердің эталондық бақылау банкінде жарияланды, ол 29 қарашада күшіне енеді.

Қызметкерді жұмыс уақытында кадр қызметі мен оның тікелей басшысы бақылайды. Ережеге сәйкес, бұл бақылау құпия түрде, кемсітусіз әрі қызметшінің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорламай жүргізіледі. Белгілер үш топқа бөлінген. Бірінші топ — мінез-құлық: адам кенет өзгереді, агрессивті не ашушаң болады, эйфорияға немесе апатияға түседі, жұмысқа жиі келмей, кешігіп жүреді, әріптестерінен оқшауланады, ескертуге шамданады, медициналық тексеруден жалтарады. Екінші топ — сыртқы түрі: адамның келбеті айтарлықтай нашарлайды, гигиенаға мән бермей қалады, көз қарашығы кеңейеді немесе тарылады. Үшінші топ — есте сақтау мен ойлау: адам алаңғасар болады, зейінін жинай алмайды, ойын қисынды түрде құрастыра алмайды, сөзі байланыссыз шығады. Тізімде инъекция іздері, қимыл үйлесімінің бұзылуы, мазасыздық пен галлюцинация да бар.

Бұл белгілердің өзі есірткі қолданғанын дәлелдемейді, олар тек медициналық тексеру қажет пе, жоқ па, соны шешуге себеп болады. Кадр қызметі қызметшіден әртүрлі топқа жататын үш не одан көп белгі байқаса, мемлекеттік орган басшысына ұсыным дайындайды. Басшы бір жұмыс күні ішінде оны медициналық куәландыруға жіберу-жібермеуді шешеді. Жолдама 48 сағат ішінде ресімделеді, одан кейін қызметші тексеруден екі жұмыс күні ішінде, жұмыс уақытында өтуге тиіс.

Есірткі қолданғаны расталса, басшы бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне және құқық қорғау органдарына хабарлайды, содан кейін қызметшіні тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады. Қызметші тексеруден бас тартса немесе жалтарса, бұл жағдай құжатпен ресімделіп, жеке ісіне қоса тігіледі.

Ереже мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген түзетулерден кейін пайда болды. Міндетті наркоскринингті енгізген бұл түзетулер 2026 жылғы 19 мамырда күшіне енген. Көктемде агенттік қол астында қызметкері бар барлық басшы, оның ішінде министрлер мен әкімдер, наркоскринингтен жыл сайын алдын ала ескертусіз өтетінін түсіндірген, ал мемлекеттік орган басшысы тізімге басқа қызметкерлерді, мысалы, мемлекеттік құпиямен жұмыс істейтіндерді қоса алады. Агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің айтуынша, наркоскринингтен бас тартқан адам қызметтен босатылады. Жаңа ереже міндетті тізімге кірмейтін қызметшілерге қатысты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз