Атырау облысында полиция 39 жастағы жергілікті тұрғыннан күш құрылымдары мен мемлекеттік органдардың 803 жалған қызметтік куәлігін тәркіледі. Бұл туралы ІІМ хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам жалған құжаттарды жасап, сатумен айналысқан.
Барлығы 23 қарашада басталды. Полицейлер ішінде төрт ер адам отырған Lexus 470 көлігін тоқтатып, одан тапанша макетіне ұқсас зат пен ҰҚК қызметкерінің куәлігін тапты. Тексеру құжаттың жалған екенін көрсетті. Кейін жедел қызметкерлер жалған құжаттарды жасады деген күдіктіні анықтады. Полицияның анықтауынша, Lexus жолаушыларының бірі одан осындай куәліктерді сатып алған.
Күдіктінің үйін тінту кезінде ең көп ҰҚК куәліктері табылды:
| Ведомство | Жалған куәліктер саны |
|---|---|
| ҰҚК | 606 |
| ІІМ | 95 |
| Мемлекеттік кірістер органдары | 47 |
| Прокуратура | 46 |
| Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет | 9 |
Сонымен қатар ер адамнан ҰҚК-нің 367 эмблемасы, мөр, компьютер, принтер, қатқыл диск және жалған құжаттар жасауға пайдаланылған деп болжанатын өзге де заттар тәркіленді.
«Полиция қызметкерлерінің уақтылы әрі жүйелі әрекеттерінің арқасында қылмыс жасау үшін пайдаланылуы мүмкін жүздеген жалған қызметтік куәліктің одан әрі таралуына жол берілмеді», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек. Қазір полиция ықтимал сыбайластарды және жалған куәліктерді сатып алғандардың барлығын анықтап жатыр. Жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда.
ІІМ тәркілеу туралы хабарламаны POLISIA.KZ Telegram-арнасында жариялады:



