Қазақстанда реконструктивтік пластикалық операциялар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) мен МӘМС аясында тегін жасалады – егер олар күйіктен, жарақаттан кейін, туа біткен ақау кезінде немесе қатерлі ісікке байланысты операциядан кейін қажет болса. Ол үшін медициналық көрсетілім мен қағидаларға сәйкес жолдама керек. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Informburo.kz сұрауына берген жауабында хабарлады.
«Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда реконструктивтік-қалпына келтіру операциялары, оның ішінде тері ауыстыру, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде – көрсетілімдер және қағидаларға сәйкес жолдама болған жағдайда пациент үшін тегін жүргізіледі», – деп түсіндірді министрлік.
Мұнда шекара қалпына келтіру мен косметиканың арасынан өтеді. Егер операция күйіктің, жарақаттың, туа біткен ақаудың немесе қатерлі ісікті емдеудің салдарын түзетсе және дәрігер оған көрсетілім көрсе, пациент ақы төлемейді. Мысалы, онкологиядан кейін кеудені қалпына келтіру де осыған жатады – ҰҒОО мұндай операцияларды 120-дан астам пациентке жасаған. Көрсетілімсіз, тек адамның қалауымен жасалатын косметикалық операциялар ТМККК мен МӘМС-ке кірмейді – оларды тек ақылы негізде жасайды.
Министрлік бұл қағиданы зейнетақы қаражатына қатысты да еске салды: «Біржолғы зейнетақы төлемдерін емделу мақсатына, оның ішінде пластикалық операцияларға пайдалануға тиісті медициналық көрсетілімдер болған жағдайда ғана жол беріледі». 2025 жылғы желтоқсанда Отбасы банк пластикалық хирургияға алынатын қаражат күрт көбейген соң, зейнетақы жинағының артығын осы мақсатқа алуға өтінім қабылдауды тоқтатқан болатын.
Сұрау жіберуге Шымкент тұрғыны 42 жастағы Гузаль Каратаеваның оқиғасы себеп болды. 2 тамызда бұрынғы жұбайы оған қышқыл шашып, сол күні Алматыда ұсталды. Әйелдің беті мен мойны күйген. «Тыртықтар мазалайды, дұрыс тамақ іше алмаймын, аузым ашылмайды. Сол жақ иығым тартылып қалғаны соншалық, тіктеле алмаймын», – дейді ол. Үш баланың анасына реконструкцияны қолға алатын хирургты Қазақстаннан қоғам белсенділері әлі іздеп жүр, ал шетелде емделу тым қымбат.
Гузаль Каратаева өз оқиғасын «31 арнаға» берген сұхбатында айтып берді:
Гузаль Каратаеваның өзі қандай көмек алып жатқанын министрлік медицина қызметкерінің құпиясына сілтеме жасап, айтпады. Онда тек пластикалық хирургтердің мемлекеттік те, жекеменшік те клиникаларда жұмыс істейтінін, ал кеңес беру мен күрделі жағдайларды талдауға министрлік тәжірибелі мамандарды, оның ішінде жеке клиникалардан да тартатынын нақтылады. Министрліктің деректерінше, күйік пен жарақат салдарын емдейтін көпбейінді стационарларда психологтар жұмыс істейді, қажет болса психиатрлар тартылады, бірақ олардың жеткілікті-жеткіліксіздігі туралы сұраққа ведомство жауап бермеді.



