American Top Team залының негізін қалаушылардың бірі әрі бапкері Маркус Силвейра UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Ислам Махачев өз шәкірті Ярослав Амосовқа қарсы шыққаннан гөрі спорттан кететінін айтты. Бапкердің сөзін Sherdog келтіреді.
«Ярослав екі жекпе-жектен кейін чемпион болады деп сенемін. Оны тоқтата алатын ешкімді көрмей тұрмын. Махачев пе? Ярославтың стилі Ислам үшін өте ыңғайсыз. Бұл жекпе-жек өтпейді деп нық сенемін, өйткені Ислам мұны біледі және ол болғанға дейін мансабын аяқтайды», — деді Силвейра. Оның айтуынша, Амосов — дивизиондағы ең жан-жақты жекпе-жекші.
Амосовтың алдағы жекпе-жегі — 5 желтоқсанда Иэн Гэрриге қарсы. Bellator-дың бұрынғы чемпионы кәсіпқой мансабындағы алғашқы 27 жекпе-жекте жеңіске жеткен, ал UFC-де әлі жеңілген жоқ: 2025 жылғы желтоқсанда ол Нил Магниді, 2026 жылғы мамырда Жоэль Альваресті тұншықтыру әдісімен жеңді. Гэрри тамызда UFC 330 турнирінде Махачевпен титул үшін жұдырықтасып, жеңіліп қалған.
Мансабын аяқтау туралы Махачевтің өзі де айтқан: қазанның соңында ол келесі жекпе-жегі соңғыларының бірі болатынын мәлімдеді. Чемпион октагонға шықпай жүргенде, уақытша белбеуді Торонтодағы UFC 336 турнирінде Карлос Пратес пен Майкл Моралес сарапқа салады. Пратес жақында Махачевті ММА-дан кетуге мәжбүрлеймін деп уәде берді, ал бұрынғы чемпион Тайрон Вудли одан белбеуді тартып алуды талап етті.



