Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Тайсон Фьюридің жұбайы Пэрис Фьюри күйеуіне шизофрения диагнозы қойылғаны туралы сөзінен бас тартты. Бұл түсініктеме Фьюридің 11 желтоқсанда Кардиффте өтетін Энтони Джошуамен жекпе-жегіне қауіп төнген тұста жасалды, деп хабарлайды Sky Sports.
Шизофрения туралы Пэрис Netflix-тің Тайсон жайлы жаңа деректі фильмінің алғашқы нұсқасында айтқан. Енді ол көп жыл бұрынғы әңгімені еске алғанын түсіндірді: «Тайсонда шизофренияға байланысты кейбір белгілер шынымен байқалғанымен, оның бұл ауруы жоқ және оған мұндай диагноз ешқашан қойылмаған». Netflix өкілдері фильмді отбасымен бірге ол шыққанға дейін жаңартқанын хабарлады.
Бейсенбі күні ертерек Британияның бокс бақылау кеңесі бұл сөздерді зерттеп жатқанын және боксшы жекпе-жекке дайын емес деп танылса, Фьюриге Джошуамен кездесуге лицензия бермеуі мүмкін екенін аңғартқан. Пэрис нақтылағаннан кейін кеңес тексерісті жалғастыра ма, әзірге белгісіз: Sky Sports оларға сауал жолдады.
Фильмде Фьюридің өзі 2015 жылы Владимир Кличкоды жеңгеннен кейін психиатр оған депрессия, мазасыздық және биполярлы бұзылыс диагнозын қойғанын айтады. Сол кезеңде боксшы ішімдік пен есірткіге тәуелділікпен күрескен, ал 2016 жылы инфаркт күдігімен ауруханаға түскен.



