Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола індеті әлі де халықаралық маңызы бар денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай болып саналады. Бұл туралы 18 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің үшінші отырысының қорытындысы бойынша X желісінде жазды. Бұл режим 2026 жылғы мамырдан бері күшінде.
Тедрос үкіметтер мен серіктестерді індетке қарсы шараларды одан әрі кеңейтуге және алдағы айларда халықты қорғауға қаржы табуға шақырды. Ол қақтығыс аймақтарындағы дәрігерлерді, ауруханаларды және құтқарушыларды қорғауды да бөлек сұрады. Anadolu хабарлауынша, ДДСҰ Конго мен басқа елдерге арналған жаңартылған ұсынымдарды алдағы күндері жариялайды.
ДДСҰ басшысының комитет шешімі туралы жазбасы:
Комитеттің өткен отырысынан бергі үш айда науқастар саны екі еседен астам өсті. Тедростың 17 қарашада келтірген деректері бойынша, сегіз провинцияның 67 денсаулық сақтау аймағында 11 мыңнан астам жағдай тіркеліп, 5400 адам көз жұмған. Әр апта сайын 400-ден 500-ге дейін жаңа науқас анықталады. Расталған жағдайлардың төрттен бірінен астамы және қайтыс болғандардың үштен бірі — балалар, ал вирусы расталған бес жасқа толмаған балалардың оннан жетеуі қайтыс болған. Өлім-жітімнің үштен екісі емдеу орталықтарынан тыс жерде тіркелген: бұл науқастар тым кеш анықталған.
Вирус Конго шекарасынан тыс жерлерге де шыққан. Кенияда сырттан әкелінген жағдайға байланысты тоғыз науқас анықталып, оның екеуі қайтыс болды; соңғы науқас ауруханадан шығарылып, ел індеттің аяқталғанын жариялау үшін 42 күндік кері санақты бастады. Нигерияда сырттан әкелінген бір жағдай тіркелді. Тедрос кейбір елдердің әлі де сапарларға толық тыйым салып отырғанына алаңдаушылық білдірді: оның айтуынша, мұндай шектеулер індетпен күреске кедергі келтіріп, жағдайлар туралы жедел хабарлауға деген ынтаны төмендетеді.
Індетті Бундибугио вирусы қоздырған, оған қарсы мақұлданған вакцина да, дәрі де жоқ. Өткен айда Конгода Эбола вирусының басқа түріне қарсы мақұлданған Ervebo вакцинасын сынау басталды. Алдағы апталарда сынаққа дәл Бундибугиоға қарсы әзірленген екі үміткер вакцина қосылады. Сонымен бірге ДДСҰ жетістіктерді де атап өтті: індеттің басында екі зертхана ғана тест жасай алса, қазір олардың саны жиырмадан асты, елде емдеуге арналған 2 мыңға жуық төсек бар, 3 мыңға жуық адам сауықты, ал дәрілерді сынауға 900-ден астам науқас қатысып жатыр.
Қазақстанда Эбола жағдайлары туралы хабарланған жоқ, ДДСҰ шешімінен кейін Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі жаңа мәлімдеме жасамады. Мамырда, ДДСҰ алғаш рет төтенше жағдай жариялаған кезде, министрлік сапар алдында баратын елдегі эпидемиялық ахуалмен танысуға, оралғаннан кейін денсаулықты бақылауға, ал белгілер пайда болса, дереу дәрігерге қаралып, сапар туралы айтуға кеңес берген еді.
Конгодағы індет 2026 жылғы 15 мамырда жарияланды. Бұған дейін Африканың аурулардың алдын алу және бақылау орталықтары жарты жылдан кейін де індеттің өршіп бара жатқанын хабарлаған.



