Дәрігерлер ең алдымен тағайындайтын антибиотиктер Еуропада аурухана ішінде жұғатын қауіпті инфекцияларға барған сайын әсер етпей жатыр. Бұл туралы 18 қарашада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) мен Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) ескертті, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі. Ұйымдар бактериялардың антибиотиктерге төзімділігі туралы 2025 жылғы деректер негізінде бірлескен есеп жариялады.
Ең ауыр жағдай ауруханаларда жиі кездесетін клебсиелла бактериясына қатысты. ECDC деректеріне сәйкес, Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақ елдерінде карбапенемдерге төзімді клебсиелладан болатын қан инфекциялары 2019–2025 жылдары 72%-ға өсті, ал 2030 жылға қарай олар 5%-ға азаюы тиіс еді. Үшінші буын цефалоспориндеріне төзімді ішек таяқшасынан болатын қан инфекциялары 10%-ға азаюдың орнына 16,4%-ға көбейді. Алтын стафилококк (MRSA) бойынша мақсат орындалды: мұндай инфекциялар 15% жоспарға қарсы 19%-ға қысқарды, бірақ соңғы екі жылда қайта көбейіп келеді. Адамдардың антибиотик тұтынуы жоспарланған 20%-дың орнына небәрі 5%-ға азайды. «Біз микробқа қарсы препараттарға төзімділікпен күрес жөніндегі ЕО-ның 2030 жылға арналған бірнеше мақсатынан әлі де артта қалып отырмыз», — деді ECDC директоры Памела Ренди-Вагнер.
ДДСҰ-ның айтуынша, емдеудің негізгі тәсілдері қауіп астында қалды. «Дәрігерлер әдетте бірінші қолданатын антибиотиктер ауыр аурухана инфекцияларына төтеп бере алмай жатыр», — деді ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының денсаулық қауіпсіздігі бағытының жетекшісі Марк-Ален Уиддоусон. Оның сөзінше, «осы қорғаныс шептерінің әрқайсысы құлаған сайын науқастар жақсы нұсқаның мүлде қалмауына жақындай түседі». Клебсиелла мен ацинетобактер үлгілерінің кемінде жартысында негізгі антибиотиктерге төзімділік анықталды. ДДСҰ-ның атап өтуінше, алғашқы антибиотик көмектеспесе, ауруханадағы адамның қайтыс болу ықтималдығы жоғарылайды. Қан анализі аз алынатын жерлерде дәрігерлер препараттың әсер ететін-етпейтінін білмей таңдауға мәжбүр — ДДСҰ мұны «жартылай соқыр» жоспарлау деп атайды.
Жақсарған тұстар да бар. Төзімді ацинетобактерден болатын қан инфекцияларының жиілігі COVID-19 пандемиясы кезіндегі 2021 жылғы шыңымен салыстырғанда екі есеге жуық төмендеді. Сонымен бірге ДДСҰ талдаған 51 елдің 16-сында антибиотиктерге төзімділікпен күресте әлі күнге дейін бірыңғай ұлттық тәсіл мен үйлестіру жоқ.
Қазақстан ДДСҰ-ның Еуропалық өңіріне кіреді. Есеп ЕО мен ЕЭА-ның 30 елін, сондай-ақ деректерді CAESAR — микробқа қарсы препараттарға төзімділікті Орталық Азиялық және Еуропалық эпидемиологиялық қадағалау желісі арқылы беретін өңірдің тағы 17 елін қамтиды. ДДСҰ мен ECDC жариялаған материалдарда Қазақстан бойынша жеке деректер келтірілмеген, Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі есепке түсініктеме берген жоқ.
Есеп 18–24 қараша аралығында өтетін микробқа қарсы препараттарға төзімділік туралы Дүниежүзілік хабардар ету апталығына орай жарық көрді. Бұған дейін ДДСҰ елдердің антибиотиктерге төзімділікпен күрес бойынша 2030 жылғы мақсаттардан қалып бара жатқанын хабарлаған.



