Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Ақтаудағы кофе түстес су: «Каспий жылу, су арнасы» себебін түсіндірді

Коммуналдық кәсіпорынның айтуынша, ыстық судың сапасы кейбір жағдайда екі аптаға дейін қалпына келеді.

Вода из-под крана
Фото: pexels.com

Ақтау тұрғындары крандардан тоттың қоспасы бар қою қоңыр түсті су ағып жатқанына шағымданып жатыр. Ваннадағы краннан мөлдір судың орнына кофе түстес сұйықтық ағып жатқанын көрсеткен қала тұрғынының бейнежазбасы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Мұның себебін «Каспий жылу, су арнасы» коммуналдық кәсіпорны Tengrinews басылымына түсіндірді.

Желі қолданушылары бұған әртүрлі пікір білдірді. Біреулері «крандағы какао», «капучинка» деп әзілдесе, енді біреулері ашуланып, мұндай суды пайдалану қаншалықты қауіпсіз екенін сұрады.

Компания мәселені жазғы жөндеуден кейін жылытудың іске қосылуымен байланыстырады. «Жазғы жөндеу жұмыстарынан кейін жылу желілерін іске қосқанда және жылытуды қосқанда ыстық судың сырт көрінісі, атап айтқанда сарғыш реңк пен тот пайда болуы уақытша нашарлауы мүмкін», – деп түсіндірді кәсіпорында. Құбырлар ыстық сусыз тұрған кезде ішіне оттегі кіреді, металл тотығады, ал су қайта берілгенде тот бөлшектері ағынмен бірге су құбырына түседі.

Коммуналдық қызметкерлер жауапкершіліктің бір бөлігін үйлерге қызмет көрсететін ұйымдарға – ПИК, МИБ және басқаларына жүктейді. Жылыту маусымы алдында олар үй ішіндегі жылыту жүйелері мен құбырларды жууға тиіс. «Егер бұл жұмыстар уақтылы орындалмаса, жиналып қалған шөгінділер мен коррозия (тот) пәтердегі крандардан тікелей лас су ағуына себеп болуы мүмкін», – деді кәсіпорын өкілдері.

Тұрғындар не істеуі керек. Компания мәліметінше, желілер іске қосылғаннан кейін жылу тасымалдағыштың сапасы тұрақталуы тиіс, әрі «кейбір жағдайларда қалыпқа келу процесі екі аптаға дейін созылуы мүмкін». Оған дейін қала тұрғындарына ыстық суды тұрмыста мүмкіндігінше аз пайдалану ұсынылады. Егер су әлі де сары болса, тот аралас болса немесе сапасы нашарлағаны байқалса, өз ПИК-іне, МИБ-іне немесе басқа қызмет көрсетуші ұйымға жүгіну керек.

Ақтауда жылыту маусымы 15 қазанда басталған. Биыл күзде қалада жылуға байланысты қиындықтар бұған дейін де болған: жылу желісіндегі апатқа байланысты №16 мектепке жылу беру шектелді, ал әкімдік 203 шақырым инженерлік желінің иесіз қалғанын мойындады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз