Kia алтыншы буындағы Sportage-ті 2027 жылғы шілдеде шығара бастайды, алдымен Оңтүстік Кореядағы зауыттарда. Бұл туралы салалық дереккөздерге сүйеніп, кореялық MoneyToday іскерлік басылымы хабарлады. Одан кейін жаңа көлік қазан–қараша айларында Еуропада сатылымға шығады, ал желтоқсанда АҚШ-қа жетеді. Kia бұл мерзімдерді әзірге ресми растаған жоқ.
Басылымның мәліметінше, жаңа Sportage-тің гибридті нұсқасы қазіргіге қарағанда 5–6% аз жанармай жұмсайды. Кореялық ET News басылымы 2025 жылы-ақ жаңа кроссовер тек гибридті болатынын жазған: кәдімгі гибрид немесе розеткадан зарядталатын плагин-гибрид. Жаңа көліктің прототиптері Корея мен Еуропадағы сынақтарда бірнеше рет суретке түсірілген.
Sportage 2027 жылдың екінші жартысындағы Kia-ның басты жаңалығы болмақ. MoneyToday жазуынша, жылдың бірінші жартысында марка жаңартылған K5 седанын (ол наурызда күтіледі), жаңартылған Morning шағын көлігін (басқа нарықтарда Picanto деп аталады) және PV7 фургонын шығарады. Hyundai бірінші жартыжылдықта Корея нарығына Kona-ның жаңа буынын, ал екінші жартыжылдықта жаңартылған Sonata-ны шығарады. Толығымен жаңа Kia Carnival мен Hyundai Santa Fe тек 2028 жылы шығады.
Қазіргі, бесінші буындағы Sportage 2021 жылы шығып, 2024 жылдың соңында жаңартылды. Қазақстанда ол Қостанайдағы Kia зауытында құрастырылады: Kolesa.kz мәліметінше, жаңартылған көліктер 2026 жылғы қаңтарда салондарға 16,5–22 млн теңге бағамен түсті. Жаңа буын Қазақстанға қашан келетінін және оны Қостанайда құрастыру-құрастырмайтынын Kia әзірге хабарлаған жоқ. Қазақстанда қандай маркалар құрастырылатыны туралы бөлек жазғанбыз.



