Ливия өндірісті күрт қысқартқанына қарамастан, 23 қарашада, дүйсенбі күні, Brent мұнайы арзандап жатыр. OilPrice баға белгілеулеріне сәйкес, Астана уақытымен сағат 15:30 шамасында Brent мұнайының баррелі 91,83 доллар тұрды, бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 0,8%-ға арзан, ал америкалық WTI — 82,85 доллар. Reuters агенттігінің хабарлауынша, таңертең, Астана уақытымен 07:16-да Brent 92,29 доллардан, WTI 83,26 доллардан саудаланған.
Елдегі ең ірі кен орны — Шарарадан келетін құбырдағы ысырманы белгісіз қарулы топ жауып тастағаннан кейін Ливияда өндіріс тәулігіне шамамен 350 мың баррельге азайды, деп мәлімдеді Ливияның Ұлттық мұнай корпорациясы (NOC). Хамада кен орнынан шығатын құбыр үш аптадан бері жабық тұр, соның салдарынан ел тәулігіне 15 мың баррельдей мұнайдан айырылып отыр. Жалпы шығын тәулігіне шамамен 365 мың баррельге жетті. NOC есебінше, тек Хамаданың бұғатталуынан Ливия 30,8 млн долларлық, яғни 14 млрд теңгедей 302 778 баррель мұнай ала алмады. Корпорация мұның бәрі «әлемдік мұнай бағасы өсіп жатқан және ел ауыр экономикалық жағдайда тұрған кезде» болып жатқанын айтып, мұнай нысандарын күзететін қызмет пен билікті екі құбырды да тезірек ашуға шақырды.
Ливиядағы іркіліс әзірге басқа факторлардан басым түсіп отырған жоқ. Reuters жазуынша, инвесторлар жасанды интеллектке салынған қаржының қайтарымына күмәнданып, акцияларды сатып жатқан қор нарықтарының соңынан мұнай да арзандауда. Сонымен бірге сарапшылар Таяу Шығыстағы тәуекелдерді атап өтеді: демалыс күндері йемендік хуситтер Сауд Арабиясындағы Рабиг мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді, ал Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы маңында кемелерге тағы шабуыл жасалды. «Бос танкерлер саны артып келеді, ал жүк тиелгендері көбеймей отыр. Жеткізілімге төнген бұл қауіп жақын арада бағаға әсер ете бастайды», — дейді XAnalysts талдаушысы Мукеш Сахдев, оның сөзін Reuters келтіреді.
Мұнай қатарынан үшінші апта арзандап келеді: өткен аптада Brent 4%-ға, WTI 5%-ға төмендеді. Қазан айында Brent баррелі 110 доллардан қымбат тұрған еді. Бағаға мұнайдың артық болатыны туралы күтулер де қысым жасап отыр: Халықаралық энергетикалық агенттік 2026 жылғы төртінші тоқсанда әлемдік нарықта ұсыныс сұраныстан асып түседі деп болжайды. Шарарадағы өндіріс алғаш рет зардап шегіп отырған жоқ — екі ай бұрын да қарулы топ кен орнынан Завия порты арқылы экспортқа мұнай тасымалдайтын құбырды жауып тастаған. Ормуз бұғазы маңындағы жағдай туралы airpress.kz танкерлерге жасалған жаңа шабуылдар жайлы материалда жазған.



