Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Таиланд: Пхукетте жарақат алған еңбегі сіңген дәрігер есін жиды

Науқасты Қазақстанға санавиация бортымен жеткізуге бола ма, жоқ па, оны дәрігерлер консилиумы 24 қарашада шешуге тиіс.

Заслуженный врач Казахстана Михаил Гниненко
Фото: из личного архива семьи / NUR.KZ

Пхукетте демалысының алғашқы күні бас сүйегі мен миынан ауыр жарақат алған Қазақстанның 79 жастағы еңбегі сіңген дәрігері Михаил Гниненко есін жиды. Бұл туралы NUR.KZ-ке оның жиені Иван Галезник айтты. Сонымен қатар отбасына клиниканың екінші шоты келген — шамамен 10 мың доллар (4,55 млн теңгедей), ал туристік сақтандыру қаражаты таусылып қалған.

«Михаил Григорьевич есін жиды, жұбайы Валентина Борисовнаны таниды, оған жауап қайтарады және кейбір қарапайым тапсырмаларды орындай бастады. Бірақ ол әлі де өкпені жасанды желдету аппаратына қосулы тұр. Сондықтан алда ауыр қалпына келу жолы бар екенін түсінеміз және әзірге жағдайы толық жақсарды деп айта алмаймыз», — деді жиені.

Қазір басты мәселе — науқасты елге жеткізу. Отбасы Қазақстан консулдығымен және Денсаулық сақтау министрлігімен байланыста: Пхукетке медициналық бригадасы бар санавиация борты ұшып келуі мүмкін. Мұны КТ қорытындысы бойынша консилиум шешеді: тексеру 23 қарашаға, емдеуші дәрігерлердің кездесуі 24 қарашаға белгіленген. Туыстары эвакуацияны осы аптада өткізуге үміттенеді, бірақ бәрі дәрігерлердің қорытындысы мен науқастың жағдайына байланысты. Жиенінің сөзінше, елге оралған соң оған нейрохирургия бөлімінде ем, кейін оңалту қажет болуы әбден мүмкін.

Михаил Гниненконың 10 мың долларлық туристік сақтандыруы болған. Ол алғашқы тексеруге, бірінші мемлекеттік ауруханадағы көмекке және шұғыл нейрохирургиялық операцияға жұмсалды, ал клиниканың бірінші шотын төлеуге қайырымды жандар көмектесті. Екінші шот жұма күні, 20 қарашада келді, оған КТ мен ауруханада әрі қарай жатудың шығыны қосылуы мүмкін. Көмек көрсетуге арналған деректемелерді отбасы NUR.KZ арқылы жариялады.

Бұған дейін Қазақстан СІМ NUR.KZ-ке дипломаттар туыстарына көмектесіп жатқанын хабарлаған. «Қазақстандық дипломаттар Пхукет аралындағы ауруханада емделіп жатқан Қазақстан Республикасы азаматының туыстарына консулдық-құқықтық көмек көрсетуде. Емдеуші дәрігердің қорытындысы бойынша қазіргі уақытта науқасты тасымалдау медициналық көрсеткіштер бойынша қажет емес», — деген ведомствоның ресми өкілі Жанболат Үсенов. Аралда қаңтардан бері Қазақстанның консулдығы жұмыс істейді.

Оқиға 3 қарашада, ерлі-зайыптылар Таиландқа ұшып келген бойда болған — бұл туралы алғаш Astana телеарнасы хабарлады. Қонақүйдің жанындағы кафеде түскі ас ішкен соң Михаил Гниненко көшеге жұбайынан бірнеше секунд бұрын шыққан, әйелі оны алты баспалдақты бетон сатының астында жатқан күйінде тапқан. Дәрігер бассүйекішілік қан құйылумен ауруханаға жеткізілді, өзінің 79 жасқа толған күнін, 13 қарашаны ол есінен танып, ӨЖЖ аппаратында қарсы алды. Михаил Гниненко өзі құрған елордалық дезинфекция станциясын 20 жыл басқарған, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағы бар.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз