Мазмұнға өту
2026 жылғы 23 қараша, дүйсенбі

Вьетнам: Данангта денге өршіді — бір аптада 2219 адам ауырды

Жыл басынан бері қалада денге безгегімен 12,5 мыңнан астам адам ауырды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 есе көп.

Дананг, Вьетнам: вид на город и побережье
Фото: vietnam.travel

Қазақстандықтар жиі баратын Вьетнам курорттарының бірі — Данангта денге безгегімен ауыратындар саны артып келеді. 16–22 қараша аралығында қалада 2219 жаңа жағдай анықталды, бұл алдыңғы аптадан 15% көп. Бұл деректерді қалалық Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) келтірді, деп жазады вьетнамдық Tien Phong газеті.

Жыл басынан бері Данангта 12 500-ден астам жағдай тіркелді — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,7 есе көп. Ауырғандар ең көп Нгу Хань Сон ауданында: жыл басынан бері 1363 адам, оның 230-ы соңғы аптада. Одан кейін Ан Кхе (150 жағдай), Дьен Бан Донг (149) және Сон Тра (128) аудандары тұр. Бір аптада қалада 86 жаңа инфекция ошағы табылды, жыл басынан бері олардың саны 796-ға жетті — бұл бір жыл бұрынғыдан бес есе көп.

Қала дәрігерлері індетті бақылауды күшейтті: Данангта масаларды бақылайтын 554 пункт жұмыс істейді, олардың 85-інде көрсеткіштер жоғары. CDC мәліметінше, індетпен күресуге ошақтарды өңдейтін химикаттың, медициналық орталықтардағы мамандардың жетіспеуі және барлық тұрғын бірдей маса личинкаларын жоймайтыны кедергі келтіріп отыр.

Қазақстан СІМ мен Денсаулық сақтау министрлігі ауырған қазақстандықтар туралы хабарламаған. Денсаулық сақтау министрлігі Tengri Travel-ге ел ішінде қауіп жоқ екенін айтты: «Қазақстанның климаты бұл маса түрлерінің тұрақты мекендеуіне жарамайды. Сондықтан денге безгегінің ел ішінде таралу қаупі жоқ». Тропикалық елдерге баратындарға министрлік терезесі мен есігінде маса торы бар, кондиционерлі қонақүйлерді таңдауға, ұзын жеңді жабық киім киюге, балаларды да солай киіндіріп, арбаларды тормен жабуға, репелленттерді пайдаланып, оны күннен қорғайтын кремнің үстінен жағуға кеңес береді. Сапардан кейін қызу көтерілсе, басы ауырса, дене сырқырап немесе бөртпе шықса, дәрігерге қаралып, қай елде демалғаныңызды айту керек.

Денге безгегін Aedes aegypti және Aedes albopictus масалары таратады. Кейбір адамдарда ауру белгісіз немесе жеңіл өтеді, ал басқаларында қызу көтеріліп, басы, көзі, бұлшықеті мен буындары ауырады, бөртпе, жүрек айну мен құсу пайда болады. Жуырда Вьетнам курорттары тағы бір себеппен жаңалыққа ілікті: Нячангта туристерден шомылмауды сұрады, толқын биіктігі 3 метрге жетті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз