Жетісу облысының Алакөл ауданында 200 төсектік стационары бар орталық аудандық аурухананың жаңа ғимаратын салу басталды. Аурухана аудандағы 73 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындармен кездесуде айтты, деп хабарлады Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі аудандық аурухананың ғимараты заманауи талаптарға сай келмейді, сондықтан жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Жоба Инфрақұрылымды дамыту қорының есебінен қаржыландырылады. Мердігер ұйым анықталып, құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Нысанды 2028 жылы аяқтау жоспарланған.
Аудандағы тағы бір әлеуметтік нысан дайын. Қабанбай ауылында «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қосымша ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Келесі жылы мұнда психоневрологиялық және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 30 орындық күндізгі болу бөлімшесі ашылады. Тұрғындар бұл өтінішті әкімге өткен жылы айтқан болатын. Исабаев облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысына жұмыстарды қатаң бақылауды тапсырды.
Әкімдіктің мәліметінше, соңғы үш жылда Алакөл ауданында 31 жаңа әлеуметтік нысан салынып, тағы үшеуі күрделі жөндеуден өтті.
Алакөл ауданының аумағында жазғы демалыстың танымал орны – Алакөл көлі орналасқан. Жаңа аурухана дәрігер тапшылығы әлі де өткір тұрған өңірде бой көтереді: Жетісу облысына 120 маман жетіспейді, әсіресе аудандар мен ауылдық жерлерде.



