Қазақстан футбол құрамасының бас бапкері қызметіне үміткерлердің бірі ретінде аталып жүрген Уалид Реграги Катар құрамасын басқаруы мүмкін. Бұл туралы 19 қарашада инсайдер Фабрицио Романо хабарлады: оның дерегінше, катарлықтар Марокконың бұрынғы бапкерімен келісіп жатыр.
«Катар құрамасы Уалид Реграгиді жаңа бас бапкер етіп тағайындау жөнінде келіссөздің соңғы кезеңінде», — деп жазды Романо X желісінде.
2026 жылғы әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсеткен Катарға жаңа бапкер керек: команда бір ғана ұпай жинап, B тобында соңғы орынға тұрақтады. Ол Швейцариямен 1:1 есебімен тең түсіп, Канададан 0:6, Босния және Герцеговинадан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Бұған дейін GOAL басылымы Хулен Лопетегидің болашағы белгісіз болып тұрған шақта Реграгидің Катар футбол қауымдастығының қысқа тізіміне енгенін жазған. Мароккалық маман жергілікті футболды жақсы біледі: ол Катарда «Әл-Духаил» клубын басқарған.
Бұл Қазақстан үшін үміткерлер тізімі қысқаруы мүмкін дегенді білдіреді. Отандық БАҚ мәліметінше, ҚФФ жеті үміткерді қарастырып отыр, бірақ олардың ішінде тек үш шетелдіктің есімі белгілі — Реграги, португалиялық Паулу Бенту және австралиялық Кевин Маскат. Бұл есімдерді бұған дейін қазақстандық журналистер атаған. Федерация олардың ешқайсысын ресми түрде растаған жоқ.
Реграги — үміткерлердің ішіндегі ең танымалы: 2022 жылы ол Марокко құрамасын Катардағы әлем чемпионатының жартылай финалына шығарып, команда төртінші орын алды. Қазақстан құрамасының бапкері туралы мәселе сәтсіз маусымнан кейін өршіді: осы аптада туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов команданың нәтижесі көңілге қаяу түсіретінін әрі қанағаттандырмайтынын айтты.



