Ақмола облысының тас жолдарында 18 қарашада болған үш жол-көлік оқиғасында алты адам қаза тапты. Олардың үшеуі бір көлікте — Renault Sandero-мен соқтығысқан ВАЗ-2106 автокөлігінде болған. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті хабарлады.
Алғашқы апат Жезқазған — Арқалық — Петропавл тас жолының 412-шақырымында болды. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан Ваз-2106 автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Renault Sandero автокөлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді», — деді полицияда.
Екіншісі Астана — Атбасар — Жақсы тас жолының 252-шақырымында болды. Hyundai Accent жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан жаяу жүргіншіні қағып кетті. Жаяу жүргінші оқиға орнында қаза тапты.
Үшінші апат Аршалы — Ерейментау — Павловка тас жолының 19-шақырымында, Тайбай ауылының маңында болды. Honda Odyssey жүргізушісі рульді басқара алмай, көлік аударылып кетті. «Жол-көлік оқиғасы салдарынан автокөліктің екі әйел жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілді», — деп толықтырды полиция.
Үш апат бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. «Барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, себептері мен мән-жайы анықталып жатыр», — деді «Жетінші арна» эфирінде Ақмола облысы полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев. Полицейлер жүргізушілерді жол жүрісі ережесі мен жылдамдық режимін қатаң сақтауға және жолда аса сақ болуға шақырады.
Тас жолдар елдегі ең қауіпті жолдардың бірі болып қала береді: полиция дерегінше, 10 айда ЖКО-да қаза тапқандардың 44%-ы республикалық маңызы бар жолдарда тіркелген.



