Мазмұнға өту

Месси MLS-тегі ең көп табыс табатын ойыншы болып қалды: жылына $28,3 млн

Жазда «Барселонадан» «Чикаго Файрға» ауысқан Левандовский кепілдендірілген $19,5 млн табысымен бірден екінші орынға көтерілді.

Лионель Месси празднует гол за «Интер Майами»
Фото: ESPN

Лионель Месси MLS-те әлі де бәрінен көп табыс табады. «Интер Майами» шабуылшысының кепілдендірілген жылдық табысы $28 333 333 құрайды, бұл шамамен 12,7 млрд теңге. Бұл деректі 19 қарашада MLS ойыншылар кәсіподағы жариялаған күзгі жалақы есебі көрсетті.

Месси алатын сома көктемгі есептегімен бірдей, бірақ бір жылда айтарлықтай өсті: 2025 жылы аргентиналық $20,45 млн алған. 2028 жылғы маусымның соңына дейінгі жаңа келісімшарт бойынша оның базалық жалақысы — $25 млн. Әрі бұл табыстың тек ойын бөлігі ғана. «Интер Майами» иесі Хорхе Мас көктемде Bloomberg-ке Мессидің жалпы табысы жылына $70–80 млн екенін, ал мансабын аяқтаған соң ол клубтан үлес алатынын айтқан.

Рейтингтегі басты өзгеріс — жазда келген жаңа ойыншылар. «Барселонадан» «Чикаго Файрға» ауысқан Роберт Левандовский $19,51 млн кепілдендірілген төлеммен бірден екінші орынға шықты, бұл шамамен 8,8 млрд теңге. Үшінші орында «Орландо Ситидің» шабуылшысы Антуан Гризманн тұр — $13,94 млн. ЛАФК ойыншысы Сон Хын Мин екінші орыннан төртіншіге түсті ($11,15 млн), бесінші орынды «Атлантадағы» Брил Эмболо иеленді ($10,81 млн). Сөйтіп, жылына 10 миллионнан астам алатын ойыншылар саны беске жетті.

  • Лионель Месси («Интер Майами») — $28,33 млн;
  • Роберт Левандовский («Чикаго Файр») — $19,51 млн;
  • Антуан Гризманн («Орландо Сити») — $13,94 млн;
  • Сон Хын Мин (ЛАФК) — $11,15 млн;
  • Брил Эмболо («Атланта Юнайтед») — $10,81 млн.

Жалақы қоры бойынша да «Интер Майами» алда келеді: $59,37 млн, яғни шамамен 26,6 млрд теңге. Оған жазда Каземироның келуі де әсер етті. Бұл лигадағы қалған 29 клубтың 25-інің шығынынан екі еседен де көп. Екінші орында «Чикаго» ($41,3 млн), үшіншіде «Атланта» ($38,4 млн). Ең аз шығын жұмсайтын — «Филадельфия Юнион», $12,6 млн. Соған қарамастан команда плей-оффқа шықты.

MLS-те барлығы 150 футболшы жылына $1 млн-нан астам алады. Орташа кепілдендірілген табыс 18%-ға өсіп, $746 936-ға жетті, медианалық табыс 6,4%-ға артып, $360 042 болды. Лига ойыншыларына төленетін жалпы сома $724,5 млн-ға жетті. Месси үшін бұл сәтті маусымның жалғасы: аргентиналық 26 гол соғып, MVP жүлдесінің финалистері қатарына енді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз