Вячеслав Фетисов Александр Овечкиннің ұзаққа созылған голсыз сериясы туралы пікір білдірді. Екі дүркін олимпиада чемпионы «РИА Новости Спорт» агенттігіне берген сұхбатында мұны үміттің салмағымен және «Вашингтонның» өз ішіндегі мәселелермен байланыстырды.
«Барлығы, ең алдымен Ресейде, Сашадан Ұлттық хоккей лигасында жаңа рекорд күтіп отырғаны түсінікті. Бұл да оған қосымша психологиялық салмақ түсіреді. Қарсылас қақпасын қайтадан соғу үшін ол сол әдеттегі түйсікті қайта табуы керек. Өткен маусымда да ол бірден көп гол соға бастаған жоқ қой», – деді Фетисов. Ол Овечкиннің голдары «командаға да өте қажет» екенін айтты, өйткені «Вашингтон» әзірге плей-офф аймағынан тыс тұр: «Командада бірдеңе болып жатқан сияқты, бірақ қазір оған Сашаның қайтадан гол соғуы өте қажет».
Овечкин қатарынан 14 матчта гол соқпай келеді. Бұл – оның НХЛ-дегі мансабындағы 2023 жылы болған ең нашар сериясының қайталануы. 41 жастағы шабуылшы соңғы шайбасын 11 қазанда «Сиэтлге» (3:5) соққан еді. Голсыз өткен 14-матчта, «Тампаға» қарсы ойында (2:5), ол ұпай жинай алмады. Биылғы маусымда «Кэпиталз» капитанының 19 ойында бір голы мен төрт нәтижелі пасы бар.
Серия 13 матчқа жеткенде «Вашингтон» «Нью-Джерсиге» 4:7 есебімен жеңілген еді. Овечкиннің серияны үзуге келесі мүмкіндігі Астана уақытымен 20 қарашаға қараған түні болады: «Кэпиталз» өз алаңында «Баффалоны» қабылдайды. Егер ол тағы гол соқпаса, бұл серия оның мансабындағы ең ұзақ серия болады.



