УЕФА президенті Александер Чеферин мен ФИФА Кеңесінің тағы жеті еуропалық мүшесі ФИФА бас хатшысы Маттиас Графстрёмге хат жолдап, әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарындағы үлесті жеке инвесторларға сату жоспарына қатысты құжаттарға қолжетімділіктің шектеулі екеніне шағымданды, деп хабарлайды El Español. Хат 19 қарашада, бейсенбі күні, таратылды.
Еуропалықтар 19 және 23 қазанда ФИФА-ға сұрақтар жолдап, құжаттар сұратқанын еске салады. «Бүгінгі күнге дейін ФИФА бұл сұрақтардың біріне де жауап берген жоқ», — делінген хатта. 2 қарашада Графстрём Кеңес мүшелеріне Цюрихтегі ФИФА штаб-пәтерінде құжаттардың бір бөлігімен жеке танысуды ұсынған. Хат авторлары бұл ұсыныс кешігіп келді және тек әлем чемпионатына құқықтар жобасына қатысты деп есептейді. Ал олардың сұрақтары ФИФА-ның басқа шешімдеріне де, соның ішінде Бейбітшілік сыйлығына және әлем чемпионаты кезінде Фоларин Балогунға қатысты тоқтатыла тұрған жазаға да қатысты болған. Құжаттармен қандай шартпен танысуға болатыны да әлі белгісіз.
Хатқа қол қойғандар өздеріне қандай құжаттар көрсетілетінін, қайсысы алынып тасталатынын және қандай шарттар қойылатынын нақтылауды, шектеулердің не үшін қажет екенін түсіндіруді, қолжетімділікті кеңейтуді және барлық сұраққа жауап беруді талап етеді. Олар ФИФА жарғысы мен Швейцария құқығына сілтеме жасап, Цюрихке бару оларды АҚШ-тағы қазіргі немесе болашақ сот процестері аясында құжаттар сұрату құқығынан айырмайтынын атап өтеді. Хат авторларының сөзінше, мәселе «ФИФА президенті мен әкімшілігі Кеңес алдындағы жауапкершілігін мойындай ма, жоқ па» дегенде болып отыр. ФИФА хатқа әзірге жауап берген жоқ.
Әңгіме ФИФА ақыры бас тартқан FIFA Forward Enterprise жоспары туралы болып отыр. Бұған дейін британдық Telegraph Джанни Инфантино Кушнерлер отбасымен ӘЧ үлесін сату туралы жасырын келіссөз жүргізгенін жазған. Жанжал президенттік науқан аясында өршіп барады: 2027 жылғы 18 наурызда Рабатта өтетін сайлауда Инфантиноға Диалло мен Тасима қарсы шықты.



