Мазмұнға өту

Қытай қор нарығы: чип өндірушілер акциялары рекордтық 17,6%-ға өсті

Қытай Мемлекеттік кеңесі отырыс қорытындысында мемлекеттік қорлардың «ұлттық командасын» алғаш рет атап, оны тікелей сауда кезінде жариялады.

Небоскрёбы финансового района Луцзяцзуй в Шанхае
Фото: Wikimedia Commons

Қытайлық чип өндірушілердің акциялары 27 қарашада бір күнде рекордтық деңгейде қымбаттады: 40 компаниядан тұратын CSI Semiconductor индексі 17,6%-ға көтерілді, деп Wind деректеріне сілтеме жасап хабарлайды CNBC. Индекс бұған дейінгі 17%-ға жуық рекордын 2024 жылдың соңында орнатқан. Ең көп CXMT, Cambricon және SMIC акциялары қымбаттады. Нарық Қытай үкіметі — Мемлекеттік кеңес биржаны мемлекеттік қорлар арқылы қолдауды күшейтуге уәде бергеннен кейін күрт өсті.

Reuters жазуынша, Шанхай құрама индексі 3,7%-ға, ал 300 ірі компания кіретін CSI 300 индексі 4,2%-ға өсіп жабылды. Екі индекс үшін де бұл Қытай экономиканы ынталандырудың ауқымды шараларын бастаған 2024 жылғы қазаннан бергі ең жақсы күн болды. STAR 50 технологиялық индексі 15%-ға, гонконгтық Hang Seng 2%-ға өсті. Юань да қымбаттады.

Мемлекеттік кеңес отырысын премьер Ли Цян өткізді. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, билік «ұлттық команданың» — нарықтың құлдырауын тоқтату үшін акция сатып алатын мемлекеттік қорлар осылай аталады — рөлін күшейтуге және нарықты жеткілікті ақшамен қамтамасыз етуге уәде берді. Central Huijin мемлекеттік қоры тұрақтандыру қоры ретінде жұмыс істейді. Мемлекеттік кеңес капитал нарығын бүкіл экономика үшін аса маңызды деп атап, компанияларды дивидендті көбірек төлеуге және өз акцияларын жиірек кері сатып алуға, ал сақтандыру және әлеуметтік қорларды акцияларға белсендірек салуға шақырды. Билік қаржылық алаяқтықпен күресуге және биржаға «жалған технологиялық» компанияларды жібермеуге де уәде берді.

Шанхайлық венчурлық инвестор әрі экономист Боб Чэньнің айтуынша, «ұлттық команда» Мемлекеттік кеңес отырысының қорытындысында алғаш рет тікелей аталды. «Қор нарығының жағдайы енді Қытай үкіметі үшін ең жоғары деңгейдегі басымдыққа айналды», — деді ол CNBC-ге. Уақыты да ерекше болды: отырыс қорытындысы әдетте саудадан кейін жарияланады, ал бұл жолы сессия кезінде, Астана уақытымен сағат 10:00 шамасында жарияланды. Шанхайлық қор басқарушысы Цзун Кэнің есебінше, Шанхай, Шэньчжэнь және Пекин биржаларындағы сауда айналымы бір күнде алдыңғы сессиямен салыстырғанда 52%-ға өсті.

Талдаушылар өсімнің қаншалықты ұзаққа созылатыны туралы әртүрлі пікірде. Lotus Asset Management басқарушы серіктесі Хун Хао бұл жолғы көтерілім бұрынғы қолдау уәделерінен кейінгіге қарағанда ұзағырақ сақталады деп есептейді: «Бұл жолы бәрі шын». Reuters сілтеме жасаған кейбір талдаушылар нарық түбіне жетті деп айтуға әлі ерте деп санайды: ұзақ өсім үшін «ұлттық команданың» қолдауы ғана жетпеуі мүмкін.

Бір күн бұрын CSI 300 АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы ушыққан 2025 жылғы көктемнен бергі ең төменгі деңгейге түскен. Чип өндірушілердің акцияларына қытайлық компаниялардың озық ЖИ-чиптерге, соның ішінде шетелдегі дата-орталықтар арқылы қол жеткізуін шектейтін АҚШ-тың жаңа ережелері де кедергі болды. Осы ережелерге байланысты Nvidia Оңтүстік-Шығыс Азияға серверлер жеткізуді тоқтатты.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз