Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

ЭЫҰ елдері Иранның соғысты тоқтату жоспарын қолдады — Арагчи

Бір жыл бұрын ЭЫҰ Министрлер кеңесіне төрағалық еткен Қазақстанның атынан Исламабадтағы кездесуге Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев қатысты.

Глава МИД Ирана Аббас Аракчи выступает на заседании Совета министров ОЭС в Исламабаде
Фото: Press TV

Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше елдердің сыртқы істер министрлері Иран ұсынған өңірдегі соғысты тоқтату жоспарын қолдады. Ұйымның құрамында Қазақстан да бар. Бұл туралы 2026 жылғы 16 қарашада Исламабадта өткен ЭЫҰ Министрлер кеңесінің 30-отырысынан кейін Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи мәлімдеді, оның сөзін Mehr агенттігі келтірді.

Арагчидің айтуынша, кездесуде күн тәртібіндегі барлық мәселе талқыланды, ал Иран бастамасының қолдау табуы оның елеулі нәтижелерінің бірі болды. Министрдің сөзінше, ЭЫҰ елдері бұл жоспар соғыстың толық әрі түпкілікті аяқталуына жол ашады деп үміттенеді. Жоспардың мазмұны Иран агенттіктерінің хабарларында келтірілмеген.

Отырыста сөйлеген Арагчи өңірде тәуелсіз қауіпсіздік жүйесін және энергия жеткізілімін геосаяси күйзелістерден қорғайтын сенімді ынтымақтастық тетігін құруға шақырды, деп хабарлайды Иранның Press TV телеарнасы. Ол ЭЫҰ жұмысының негізгі бағыттары ретінде сауданы, көлік пен энергетиканы атап, ЭЫҰ Сауда келісімін (ECOTA) қайта қарайтын техникалық комитет құруды қолдады. Министр сондай-ақ өңір елдерінің аумағы, әуе кеңістігі мен нысандары көршілерге соққы беру үшін пайдаланылмауы керек екенін айтты.

2026–2027 жылдары ЭЫҰ Министрлер кеңесіне төрағалық ететін Пәкістан өңір елдерінің қолдауымен АҚШ пен Иран арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге күш салуды жалғастыратынын мәлімдеді, деп хабарлайды AP. Пәкістанның вице-премьері әрі Сыртқы істер министрі Исхак Дардың айтуынша, бейбітшілік, тұрақтылық және сенім болмаса, өңірдің экономикалық дамуы мүмкін емес. Кездесу қорытындысы бойынша министрлер Исламабад декларациясын және алдағы он жылға арналған «ЭЫҰ пайымы — 2035» бағдарламасын қабылдауы тиіс.

Исламабадтағы қазақстандық делегацияны Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев басқарды. Өткен жылы ЭЫҰ Министрлер кеңесіне Қазақстан төрағалық етті: 2025 жылғы қарашада кеңестің 29-отырысы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың төрағалығымен онлайн форматта өтті.

ЭЫҰ құрамында он ел бар: Әзербайжан, Ауғанстан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан. Кездесу 2026 жылғы 28 ақпанда басталып, Ормуз бұғазындағы кеме қатынасын бұзған АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы аясында өтті. Жексенбіде Иран Бахрейнге тағы да дрондар ұшырды, ал АҚШ Таяу Шығысқа үшінші авианосецін жеткізді. ЭЫҰ-ның келесі кездесуі ең жоғары деңгейде өтеді: Иран мемлекет басшыларының саммитін желтоқсанның басында Тегеранда өткізуді жоспарлап отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз