Мазмұнға өту
2026 жылғы 16 қараша, дүйсенбі

Жапония ЖІӨ-сі бір жылда алғаш рет қысқарды: тұтыну азайды

ХВҚ болжамы бойынша, 2027 жылы Жапония номиналды ЖІӨ көлемі жағынан әлемде төртінші орыннан алтыншы орынға түсіп, Үндістан мен Ұлыбританиядан қалып қоюы мүмкін.

Башня Токио Скайтри над промышленным районом в Кавасаки возле Токио
Фото: AP / Euronews

Жапонияның нақты ЖІӨ-сі 2026 жылғы шілде–қыркүйекте алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,02 пайызға, ал жылдық есеппен 0,1 пайызға қысқарды. Бұл — соңғы төрт тоқсандағы алғашқы құлдырау. Мұндай алдын ала деректерді 16 қарашада Жапония Министрлер кабинетінің кеңсесі жариялады. Экономистер шамалы өсім күткен еді: орташа болжам жылдық есеппен 0,2 пайыз болатын. Екінші тоқсанда экономика 0,4 пайызға өскен.

Құлдыраудың басты себебі — ел экономикасының жартысынан астамын құрайтын жеке тұтыну. Ол қатарынан екінші тоқсан 0,3 пайызға азайды. Синьхуа агенттігінің хабарлауынша, сатып алушыларды жоғары бағалар, шілденің соңында Кумамото префектурасында болған 7,1 магнитудалы жер сілкінісі және ұзаққа созылған жаңбыр тежеді. Оған қоса кондиционерлер мен көліктерге сұраныс төмендеді: оларды салықтар мен ережелер өзгергенге дейін, екінші тоқсанда белсенді сатып алған.

Экономикаға қымбат энергия да кері әсер етті. Жапония мұнайдың барлығына жуығын шетелден сатып алады, ал Ирандағы соғыс бағаны көтеріп, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын бұзды. Тоқсан ішінде импорт 2,5 пайызға өсіп, экспорт 0,2 пайызға азайды, нәтижесінде сыртқы сауда өсімді 0,6 пайыздық тармаққа төмендетті. Euronews жазғандай, әлсіз иена импортты одан әрі қымбаттатып отыр: қазір бір доллар шамамен 160 иена тұрады, ал бес жыл бұрын 115 иенадан арзан болған.

Экономиканы бизнес инвестициялары демеді: автоматтандыруға, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке сұраныстың арқасында олар 1,6 пайызға өсті. Ал тұрғын үйге салынатын инвестициялар, керісінше, 1,1 пайызға қысқарды.

Бағалар өсуін жалғастырып отыр. Ағымдағы бағамен ЖІӨ тоқсан ішінде 0,4 пайызға ұлғайды, ал қыркүйекте базалық инфляция 2,1 пайызға жетіп, Жапония банкінің 2 пайыздық мақсатынан асып кетті. Сондықтан сарапшылар әлсіз деректер реттеушінің желтоқсанда мөлшерлемені тағы көтеруіне кедергі бола қоймас деп санайды. «Инфляция жақын арада күрт үдейтін сияқты, сондықтан банк саясатты біз ойлағаннан да қатаң күшейтуге мәжбүр болатын секілді», — деді Capital Economics компаниясының сарапшысы Марсель Тейлиан.

Премьер-министр Санаэ Такаити үкіметі азық-түлікке салынатын салықты төмендету туралы заң қабылдатуға тырысып жатыр, бірақ мемлекеттік қарыздың өсуі және бюджет шығынын неден өтеу керек деген сұрақ жоспарға кедергі келтіріп отыр. Үшінші тоқсандағы ЖІӨ-нің екінші, нақтыланған есебін Министрлер кабинетінің кеңсесі 8 желтоқсанда жариялайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз