Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов 19 қарашада Ақтөбе облысы Хромтау ауданындағы Дон тау-кен байыту комбинатының «Болашақ» шахтасына түсіп, өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылауды күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет мәліметінше, бұған дейін анықталған бұзушылықтар мен апаттарды ескере отырып, Премьер өндірістік нысандарда талаптардың сақталуын қатаң қадағалауды, жабдықты жарамды күйде ұстауды және жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қосымша шаралар қабылдауды талап етті. Бектенов кәсіпорын басшыларының қауіпсіз еңбек жағдайын жасау үшін дербес жауапты екенін бөлек атап өтті.
«Мемлекет басшысы қоғамдық және экономикалық өмірдің барлық саласында «Заң және Тәртіп» конституциялық қағидатын нығайту саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Өнеркәсіп үшін бұл ең алдымен қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай сақтау және басшылардың жұмысшылардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершілігі. Оқиғаларға ден қоюдан тәуекелдердің алдын алудың жүйелі тәсіліне көшіп, бақылаудың цифрлық құралдарын белсенді енгізу қажет», — деді Премьер.
«ТҰК «Қазхром» АҚ бас директоры Ержан Абдулабеков шахтада қолданылатын технологиялар туралы баяндады. Онда адамдар мен техниканың қай жерде тұрғанын қадағалайтын жерасты позициялау жүйесі жұмыс істейді, қол еңбегін азайту үшін өздігінен жүретін техника қолданылады, ал шахта үшін газсыздандыру жобасы әзірленген. Дон КБК-дан, сондай-ақ басқа компаниялардың тағы 20 шахтасы мен кенішінен позициялау және бейнебақылау деректері ТЖМ-нің Жағдаяттық орталығына тәулік бойы түседі.
«Болашақ» — елдегі ең ірі шахталардың бірі. Ол 2024 жылғы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен іске қосылған. Мұнда Қазақстандағы ең терең шахта діңгегі бар — ұзындығы бір шақырымнан асады. Қуаты жылына шамамен 7 млн тонна хромит кені, инвестиция көлемі — шамамен 1 трлн теңге, 1,8 мың адам жұмыс істейді.
2025 жылы шахтада екі рет өрт шықты. Ақпанда өрттен төрт кенші зардап шекті, олардың бірі кейін көз жұмды. Мамыр айының соңында сутегі бөлінуінен тағы үш жұмысшы зардап шекті, осыдан кейін ТЖМ жұмысты уақытша тоқтатты. Кейін өндіріс қайта басталды. Шахта ERG тобына кіреді.
Премьердің Ақтөбе облысына сапары жұмыс сапары болды: сол күні ол облыстағы зауыттармен танысып, Ақтөбе — Ұлғайсын трассасын қайта жаңарту барысын көрді.



