Бүгін, 20 қарашада, әлемде Дүниежүзілік балалар күні атап өтіледі. Бұл күн балалардың отбасында өсу, білім алу, денсаулығын сақтау, зорлық-зомбылықтан қорғалу және өз пікірін ересектерге естірту құқығына арналған.
1954 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы барлық елдерге балаларға арналған күн белгілеуді ұсынды. Мерекенің күнін әр ел өзі таңдады. Кейін 20 қараша ортақ күнге айналды: 1959 жылы дәл осы күні БҰҰ Бала құқықтары туралы декларацияны, ал 1989 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны қабылдады. 1990 жылдан бері мереке осы екі құжаттың жылдығы ретінде аталып келеді. Қазақстан Конвенцияға 1994 жылы қосылды.
Күннің басты науқанын ЮНИСЕФ өткізеді, оған 190-ға жуық ел қатысады. Осы күні балалар бір күнге БАҚ-та, саясатта, бизнесте және спортта ересектердің орнын басып, өздерін толғандыратын мәселелер жайлы айтады. Мектептер мен белгілі ғимараттар көк түспен безендіріледі немесе жарықтандырылады — бұл науқанның түсі. Қазақстанда балаларға арналған концерттер мен саябақтардағы мерекелер 1 маусымда, Халықаралық балаларды қорғау күнінде өтеді, ал 20 қарашада бала құқықтары туралы сөз қозғалады.
2026 жылғы ұран — «Балалар үн қатады: менің күнім, менің құқықтарым, менің болашағым». ЮНИСЕФ балалар арасында жасанды интеллект туралы сауалнама жүргізіп жатыр: қауіпсіздік, жеке деректер және ЖИ-ге қолжетімділік жайлы олардың пікірі сұралады. Жауаптар негізінде Бала құқықтары мен ЖИ туралы балалар манифесі жасалады. Биыл қордың құрылғанына 80 жыл толады.
Қазақстанда мереке қарсаңында, 19 қарашада, Құрылтайда «Қазақстан балалары» депутаттық тобының алғашқы отырысы өтті. Топты депутат Дана Медеуова басқарады. Топ пен ЮНИСЕФ ниет хатына қол қойды: олар заңдарды жетілдіріп, өңірлердегі балаларға арналған жобаларды бірге қолдайды. ЮНИСЕФ бұл топты Орталық Азияда балалар мүддесі үшін арнайы жұмыс істейтін алғашқы парламенттік топ деп атады. Жыл басында елде 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» бағдарламасы қабылданды. Онда денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және балалар қауіпсіздігі салаларындағы 158 шара қамтылған, құны — 2,6 млрд доллар.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылдың басында Қазақстанда 18 жасқа толмаған 6,9 млн бала тұрады — бұл халықтың 33,6%-ы. Балалар ең көп Түркістан облысында — 910,4 мың. Соңғы бес жылда олардың саны 4,4%-ға өсті.



