VietJet Air әуе компаниясының Фукуок — Астана рейсінің жолаушылары 13 сағаттан астам уақыт бойы Вьетнамнан елге ұша алмай отыр. Олардың арасында Астана, Қарағанды және Қазақстанның басқа қалаларының тұрғындары, соның ішінде кішкентай балалы отбасылар бар. Бұл туралы 27 қарашада қарағандылық блогер Денис Денски оқырмандарына сілтеме жасап, Instagram-да хабарлады.
Жолаушыларға кешігу 24 сағатқа дейін созылуы мүмкін екенін айтқан, бірақ нақты ұшу уақыты әлі белгісіз. Адамдардың сөзінше, әуе компаниясы қонақүй мен тамақ бермеген, ал балаларға тіпті ауыз су да берілмеген. Ақшасы барлар өз есебінен қонақүйге кеткен, қалғандары әуежайда күтіп отыр.
Блогер әуежайдағы жағдай туралы бейнені өз парақшасында жариялады:
Жолаушылардың айтуынша, әуе компаниясы оларға 400 мың вьетнам донгы көлемінде өтемақы төлеп жатыр, бұл Ұлттық банк бағамы бойынша шамамен 7,1 мың теңге. Сонымен бірге адамдардан құжаттарға қол қоюды сұрайды, олардың сөзінше, онда бас тарту туралы айтылған. Нақты неден бас тарту ұсынылып отырғанын ешкім түсіндіріп бермейді.
Блогер ведомстволарға үндеу тастады: «Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен Азаматтық авиация комитеті осы жағдайға назар аударып, отандастарымызға көмек көрсетсе екен». Жарияланым сәтінде Қазақстан СІМ, Азаматтық авиация комитеті және VietJet Air ресми түсініктеме бермеген.
Рейсті қазақстандық Vietjet Qazaqstan емес, вьетнамдық VietJet Air орындайды. Vietjet Qazaqstan компаниясы NewTimes.kz басылымына өзінің Vietjet-тің франчайзингтік әуе компаниясы екенін түсіндірді: ол негізінен өңірлік бағыттарға, сондай-ақ Бішкекке, Омбы мен Новосібірге ұшады, ал Фукуокқа рейс орындамайды.
Вьетнамнан ұшатын рейстердің ұзақ кешігуі бұрын да болған. 9–10 қарашада VietJet Air компаниясының Фукуоктан Қазанға ұшатын VJ6853 рейсі ұшақтың техникалық ақауына байланысты бір тәулікке жуық кешіктірілді, ол кезде де жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған. Бұған дейін қазақстандықтар Air Astana рейсімен Дананнан 12 сағатқа жуық ұша алмаған еді.



