Мазмұнға өту
2026 жылғы 29 қараша, жексенбі

Такси: жапониялықтан 95 мың теңге сұраған жүргізушіні полиция жазалады

Полицейлер заң бұзушыны туристің құрбысының әлеуметтік желідегі жазбасын көргеннен кейін өздері тауып алды.

Девушка садится в такси, иллюстративное фото
Фото: pexels.com

Алматы әуежайынан шыққан сапар үшін Жапониядан келген туристен 95 000 теңге талап еткен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы 28 қарашада Алматы қаласы полиция департаменті NUR.KZ басылымына хабарлады.

Полицияның айтуынша, бағаның шамадан тыс көтерілуі мүмкін екені туралы жазба әлеуметтік желілерді бақылау кезінде анықталып, тексеріс жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша жүргізуші жазаланды. Оған қай бап бойынша және қандай жаза тағайындалғанын ведомство нақтыламады.

«Жолаушылардың, оның ішінде шетелдік туристердің құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы бақылауда. Түскен әрбір дабыл бойынша тиісті шаралар қабылданады», — деп қосты полицейлер.

Оқиға Threads-тағы жазбадан белгілі болды. Алматылық қыз Жапониядан құрбысы ұшып келгенін, бірақ оны әуежайдан қарсы ала алмағанын жазды. Ол мекенжайды алдын ала жіберіп, көлікті тек такси сервистері арқылы шақыруды сұраған. Алайда әуежай алдында туристі жергілікті жүргізушілер тоқтатып, такси ресми екенін, ақысы есептегіш бойынша төленетінін айтып сендірген.

Шамамен 30 минутқа созылған 14 шақырымдық жол үшін туристен 95 000 теңге талап етілген. Банк күдікті операцияны бұғаттаған, бірақ оған дейін 40 000 теңге шешіліп үлгерген. Жазба авторының сөзінше, жүргізуші бұған қоса «жеңілдік жасадық» деген, кейін жапониялық қызға WhatsApp арқылы жазып, қаланы тегін көрсетуді ұсына бастаған.

Airpress.kz бұл жазбаны әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан 26 қарашада жазған болатын. Алматы әуежайында мұндай оқиғалар жиі қайталанады: бұрын шетелдіктерден 40–200 мың теңге алған таксистерге азаматтарға қоқаңдағаны және тұтынушыны алдағаны үшін айыппұл салынған, ал бір жағдайда қорқытып алу бойынша қылмыстық іс қозғалған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз